Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі департаменті “Еңбек ресурстарын дамыту орталығы” АҚ мен “Бірінші кредиттік бюро” ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты ірі көлемде пара беру және алу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Бұл туралы журналист Андрей Зубов өзінің Facebook парақшасында жазды. Қаржылық мониторинг агенттігінің 2025 жылғы 3 шілдедегі ақпаратына сәйкес, “Бірінші кредиттік бюро” ЖШС басшылығы “Еңбек ресурстарын дамыту орталығы” АҚ басшыларына заңсыз сыйақыларды жүйелі түрде беріп келген. Қаражат қаржы ұйымдарының сұраныстарын өңдеуге қажетті ақпараттық қызметтер көрсету кезінде коммерциялық мүдделерді қолдау үшін берілген.
2025 жылғы 28 маусымда жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері кезекті 75 мың доллар көлеміндегі пара беру сәтінде келесі тұлғаларды ұстады:
Руслан Омаров — “Бірінші кредиттік бюро” ЖШС-нің бас директоры;
Ақмәди Сарбасов — “Еңбек ресурстарын дамыту орталығы” АҚ басшысы, бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі болған;
Дәулет Арғандыков — “Еңбек ресурстарын дамыту орталығы” АҚ-ның бұрынғы басшысы, бұрын ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметін атқарған.
Ұсталғандардың тұрғылықты мекенжайларына жүргізілген тінту барысында 370 мың доллар мен 4,5 миллион теңге көлемінде қолма-қол ақша тәркіленген.