Алматыда бықсып жанған қоқыс кесірінен көпқабатты үй өртене жаздады - kaz.caravan.kz
  • $ 533.61
  • 621.07
+25 °C
Алматы
2025 Жыл
19 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда бықсып жанған қоқыс кесірінен көпқабатты үй өртене жаздады

Алматыда бықсып жанған қоқыс кесірінен көпқабатты үй өртене жаздады

Алматыда бықсып жанған қоқыс қайғылы оқиғамен аяқтала жаздады. Көпқабатты үйдің терезесі алдындағы заңсыз үйілген тұрмыстық қалдықтар түн ортасында тұтанған. Өрт сөндіру қызметі жетем дегенше жалын лезде күш алып, ғимараттың жартысына жайылып үлгеріпті. Салдарынан екі бала ысқа тұншығып қалған. Ал 40 тұрғынды қауіпсіз жаққа көшіруге тура келді.

  • 17 Тамыз 2012
  • 470
Фото - Caravan.kz

Тілсіз жау тұрғындардың тыныштығын түн ортасы ауғанда бұзды. Қызыл жалын бірінші қабаттағы пәтер иесінің алаңқайынан тұтанған. Яки, қоқыс пен ескі тұрмыстық техниканы терезесінің алдына тау қылып үй тастапты. Сол қуықтай алаңқайда тұтанған от көзді ашып жұмғанша алапат өртке ұласқан. Апаттық жаттығуы да жарытып өтпейтін қаланың тұрғындары қапыда қатты сасқандарын айтады. Әйтеуір көрші-қолаң боп жұмылып жүріп қашып шыққан барлығы оттан. Қазір туыстары барлар ауа көшті, жақыны жоқтар ашық аспан астында түнеуге дағдылануда.

Айжан Майданова, жапа шегуші:

Тура үлкен жарылыс 2 рет жарылыс болды да от тура жоғарыға лаулап жанып кетті. Біз ұйықтаған жоқ едік жүргенбіз 12-лер шамасында. Су құйып өз күшімізбен өшіреміз дегенбіз бірақ болмады.Бүгін осы жерде болдық ертең білмейміз. Осы жерде түнеп осы жерде жүрдік.

Бірінші қабатқа таудай қоқыс жиған көршіге ескертпеде жасапты тұрғындар. Бірақ құлағына кіріп-шықпаса керек. Бұл пәтерін жалға беріп келіпті. Тәртіп сақшылары мен тұрғын үй кооперативіне де қанша шағымданғанмен біреуі де шөптің басын сындырмаған. Ал өрт салдарынан екі балаға ыс тиіп, ауруханаға жеткізілді. Тұрғындар болса өрт сөндірушілердің сылбырлығына қарнымыз ашты деп қапалы.

Айман Жуасбаева, жапа шегуші:

Біз атып тұрып терезеден қарадық,  жайлап жаңадан өрт басталыпты. Тұрып өрт сөндірушіге звондадық. 40 минуттан кейін келді. Төрт адам қалдық іште бізге ешқандай көмек жоқ. Баламыз қысылып жатыр іште өзімізде қысылып жатырмыз. Түтін болып кетті. Содан көршім өрт сөндірушілердің баспалдағын әкеліп жедел жәрдемде жаттық қой. 

Қараша қалай десе де жеттік, қолдан келген көмекті еттік деген төтенше жағдай қызметінің мамандары 2 сағаттан соң ғана өртті ауыздықтаған. Қазір тергеу жұмыстары жүргізілуде. Әзірге жергілікті әкімдік тұрғындарға басу айтып, көмек қыламыз деп кетіпті. Тілсіз жаудың аяқасты тұтануына әдейі қойылған от себеп болуы мүмкін деген екіұшты пікір бар қазір.


Нариман Ержанов, Алматы қаласы ТЖД бөлім бастығы:

 Өрт бірінші қабаттағы пәтердің алдына жиналған заттардан шыққан. Сосын жоғары көтерілген. Алдын ала тексеру бойынша бұл әдейі қойылған өрт деп тұжырымдап отырмыз. Ал, біздің мамандар оқиға орнына кешігіп жетті деген қате пікір.

Түн түндігін түргенде тұтанған тілсіз жау тұрғындардың түсін төртеу, есін екеу қылды. Айтып келмейтін алапат апаттан төрт қабатты тұрғын үйдің төрт пәтері түгел өртенген, тағы екеуі бүлініпті. Құжаттарын ғана қолтықтап қашқан қараша қазір шенеуніктердің жәрдем жасаймыз деген сөзіне имандай сеніп отыр. Өртенген пәтерлердің сұрқы мынау. Әзірге тұрғындар түгелімен бірінші қабаттағы мына пәтерін тәулікке жалға берген жанды жазықты деп тапқан. Және сол жанды аулада торуылдап жүр.