Еске алу шарасына Чернобыль және Ауған соғысының ардагерлері мен бұқара өкілдерінен 300-дей адам келді. Гүл шоқтарын қою рәсіміне Украинаның Алматыдағы бас консулы Сергей Шидловский қатысты.
Қаза тапқандардың рухына бас ию үшін келгендер осыдан 19 жыл бұрын болған оқиғаны еске алды. 1986-жылдың 26-сәуірінде 01 сағат 23 минут 40 секунд шамасында Чернобыль Атом электр станциясының 4-энергоблогында апат болды. Станцияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған эксперимент кезінде оператордың түймені басуы салдарынан жобалау сатысында жіберілген қателікке байланысты реактордың қорғаныс қорабы еріп кеткен. Соның кесірінен радиоактивті қалдықтардан түзілген бұлт 7,1 млн. адам тұратын 155 мың шаршы шақырым аумақты жайлап, радиациялық ластануға алып келді.
«Чернобыль Одағы» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, 1986-2005-жылдар аралығында апаттың залал-зардаптарын жоюға қатысқан 601 604 адам көз жұмған. Чернобыль салдарынан 1,8 млн. адам мүгедектер санатына қосылды. Апат зардаптарын жоюға қатысқан 31 720 қазақстандықтың қазіргі жағдаймен көзі тірісі — 6210 адам ғана.