Алматыда combo-store MINISTOP ашылды
![]() |
Бүгін Алматыда РТС-МИНИСТОП компаниясы жапондық МИНИСТОП сауда белгісімен алғашқы комбо-сторды (combo-store) ашты. |
Комбо-стор - бұл өте жақын жерде орналасқан дүкендер мен фастфуд кафетерийлерді біріктіретін дүкендердің Қазақстан үшін мүлдем жаңа түрі.
«Үй жанында» орналасқан дүкендердің түрін дамытып отырған алғашқы желі ретінде РТС-МИНИСТОП компаниясында табысқа жетуге қажетті алғышарттардың бәрі бар. Компания алдына кем дегенде 15 жылды қамтитын ұзақ мерзімді жоспарды қойып отыр. Сондай-ақ, оның қаржылық қолдауы мықты және Жапония мен Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарында жинақтаған көп жылдық тәжірибесі бар. Франшизаны сатуды бастамастан бұрын біз мұндай дүкендердің түрі қажет әрі ол бірегей және бизнес жүргізудің бұл үлгісі жұмысқа қолайлы екендігін іс жүзінде көрсеткіміз келеді», - дейді РТС-МИНИСТОП компаниясының Басқарма төрайымы Баян Қоспенбетова. Оның айтуынша, компания алғашқы уақыттарда дүкендердің операциялық басқаруын өзі жүргізетін болады. 1 жыл ішінде республика аумағында тағы 15 комбо-стор ашу жоспарланып отыр. Ал франшизаның ресми сатылымы 2013 жылдың тамызында басталады. Жобаға құйылып отырған қаржының жалпы көлемі шамамен 10 миллион долларды құрайды. Компанияда қазір 25 адам тұрақты негізде жұмыс жасайды, ал 20 адам ішінара жұмыспен қамтамасыз етілген. Оларға Жапониядан келген оншақты кеңесші көмек көрсететін болады.
«ACNielsen зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, 2011 жылдың соңына қарай «үй жанындағы» дүкендердің маңыздылығы 2010 жылмен салыстырғанда күшейген. Осындай дүкендерден тұтынушылардың 90 пайызға жуығы өзіне қажетті заттарды сатып алады. Тұтынушы шамамен 30 күннің 22-інде үй жанындағы дүкендерге барып тұрады. Алайда үй жанында орналасқан дүкендер сегментіне деген сұраныстың болуына қарамастан, бірыңғай топтық стандарттарды ұстанатын және қызмет көрсетуі мен сапасын қадағалауға болатын, сондай-ақ тұтынушылардың қажеттіліктеріне ғылыми талдау жасау негізінде тауарлардың жиынтығын таңдап алатын желілер республикада жоқ», - дейді Баян Қоспенбетова. Ауданы 180 шаршы метрді құрайтын дүкен ішінде сауда алаңымен қоса дүкенді басқарушының кеңсесі, қойма, фастфудты дайындауға арналған асхана және 20 орынға шақталған кафетерий орналасқан. Дүкен қолма-қол ақшасыз төлем жасауға мүмкіндік жасайтын касса құралымен жабдықталған. Сондай-ақ, дүкенде банкомат пен коммуналдық және басқа да төлемдерді жасауға болатын терминал орнатылған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсету үшін бүкіл жағдай жасалған. Сатылымда азық-түлік тауарлары, үй шаруасына қажетті тауарлар, журнал мен газеттер секілді күнделікті сұранысқа ие тауарлар, содай-ақ, жапондық өндірістен шыққан тауарлардың шағын бұрышы, жаңа піскен нан мен сүт өнімдері, үйге алып кетуге болатын дайын тағамдар, фастфуд мәзірінің тағамдары бар. Тағамдардың кейбір түрлері, мәселен, жапондық каримандар мен салындысы бар тоқаштар Қазақстанда алғашқы рет сатылатын болады. Баға басқа дүкендердің деңгейінде болмақ.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін