Мерекелік шара «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және Алматы, Астана қалалары әкімдігінің қолдауымен өткізілетін болады. Фотокөрменің бас серіктесі — «Bank «RBK» АҚ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мақсаты — егемен ел ретіндегі жиырма жыл ішінде фотосуретшілердің объективтеріне ілінген мемлекеттік, қоғамдық, саяси және рухани маңызы бар сәттер мен оқиғаларды келер ұрпаққа шежіре түрінде қалдыру болып табылады.
Көрмеге еліміздегі маңдайалды деген 20-дан аса фотожурналистердің бірегей 200-ге жуық фотосуреттері қойылатын болады.
Атап, айтқанда, ҚР Премьер-министрінің жеке фотографы Шүкір Шахайдың, ҚР Парламентінің фотографы Сайлау Майлыбаевтың, «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Орынбай Балмұраттың, ҚР Қорғаныс министрлігінің фотографы Ермек Сарбасовтың, «ҚазАқпарат» агенттігінің фототілшісі Мұхтар Қалдарбековтың, сонымен қатар «Айқын», «Алаш айнасы», «Жетісу», «Алматы ақшамы» газеттері фототілшілерінің жұмыстары, «ФОТОӨНЕР» ҚБ-ның, ардагер фотожурналистердің, облыстық әкімшіліктері фототілшілерінің суреттері қойылатын болады.