Медеу-Алматы өткелінде ер адамды жолаушылар пойызы басып кетті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Жетісу көлік прокуратурасының өкілдеріне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға туралы хабар Алматы-1 станциясындағы желілік ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне 12 қаңтарда сағат 08.55-те түскен. Оқиғаның сағат 8.15-те Медеу-Алматы өткеліндегі 1676 шақырымында болғаны айтылған.
«Новосібір-Алматы-2 бағытындағы №301 жолаушылар пойызы кіру бағдаршамының маңында 40-45 жас шамасындағы, еуропалық кескінді ер адамды басып кетті. Машинист пойызды шұғыл тоқтатқан, ер адам оқиға орнында қаза тапты, оның аты-жөні анықталуда», — деп хабарлады прокуратура өкілдері.
Осы себепті пойыз 25 минутқа кешіккен. Тергеу жүргізіліп жатыр.