Отырысқа қатысушылар өзара инвестицияны ынталандыру және қорғау, ЕурАзЭҚ елдерінің отын-энергетикалық балансын бірлесіп жобалау, шекаралық мекемелердің өзара ықпалдастығы туралы келісімдердің жобасын саралайды. Сонымен бірге ЕурАзЭҚ елдерінің үшінші елдерге қатысты сауда-саттық режимдерін біріздендіру мәселесі де талқыланады деп күтілуде.
Сонымен бірге отырысқа қатысушылар Достастық мемлекеттері арасында электр қуатын жалғастыру шарттары туралы, азаматтардың өзара визасыз қатынау мүмкіндігі туралы, ЕурАзЭҚ аясындағы мемлекетаралық мақсатты бағдарламаларды қаржыландыру үшін арнаулы қор құру және оның қаржысын пайдалану тәртіптері туралы да ой бөліседі.
Достастықтың баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бұған қоса «ЕурАзЭҚ елдерінің агроөнеркәсіптік саясаты тұжырымдамасының жобасы мен басқа да бірқатар құжаттар қаралады».
Отырысқа ЕурАзЭҚ бас хатшысы Григорий Рапота қатысады.
ЕурАзЭҚ 2000-жылдың қазан айында құрылған. Қоғамдастыққа Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан енеді. Армения, Молдова және Украина Қоғамдастық жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие.