Конференцияны Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы орталығы, Ұйымның Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросы мен Адам құқықтары жөніндегі польшалық Хельсинки қоры ұйымдастырып отыр.
Конференцияға қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан тәрізді Орталық Азиядағы төрт мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдары мен мемлекеттік мекемелерінің 150 өкілі қатысуда. Олардың басым көпшілігі 2001-2003-жылдарда адам құқықтарына мониторинг жасау жөніндегі Ұйымның Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросы мен Адам құқықтары жөніндегі польшалық Хельсинки қорының дәрістері мен семинарларына қатысқан.
Қорытынды конференция Орталық Азия аймағындағы үкіметтік емес ұйымдар арасындағы, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер арасындағы байланысты нығайту мақсатымен өткізіліп отыр. Сондай-ақ, бұл бас қосу құқық қорғау іс-қызметі саласындағы үйлестіруді нығайтуға, қатысушылардың өз іс-қызметі туралы тәжірибе және ақпарат алмасуына, құқық қорғау саласындағы бірлескен іс-шаралар мүмкіндігін айқындауға жағдай жасамақ. Бас қосуға адам құқықтарын қорғау саласындағы дүниежүзіне танымал сарапшылар шақырылған.