Чемпионат шымылдығын Жапония мен Тайпей құрамасы ашты. Қазіргі кезде Гонконг пен Корея құрамасы өнер көрсетуде. Біздің жерлестеріміз бүгін кешке Өзбекстан құрамасымен сынға түседі. Бұған дейін хабарлағанымыздай ойындардың ресми ашылуы қыркүйектің 16-сы күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Чемпионат қыркүйектің 20-сы күні мәреге жетеді. Дәл осы күні Азия чемпионы анықталып, 14 орынды иеленген құрамаларға 2012 жылы Чехияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама беріледі.
Чемпионатта Қазақстан намысын 16 гандболшы қызымыз қорғайды. Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы қол добынан бұған дейін 3 рет Азия чемпионы атанған болатын. Құрама команданың аға жаттықтырушысы Мәжит Кәрменұлының айтуынша, қыздар бұл жолы да чемпиондық биіктен көрінуге тырысады.