Жарияланды: 520

Алматыда I қазақстандық «Ер Төстік» анимациялық фильмдер фестивалі басталды

Бүгін Алматыда елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған I қазақстандық «Ер Төстік» анимациялық фильмдер фестивалінің ресми ашылу салтанаты болып өтті.

Аталмыш шараның ұйымдастырушысы - Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ы. Фестивальге «Қазақфильм» киностудиясының өкілдерімен қатар, Шымкент, Көкшетау, Астана, Алматы және тағы да басқа қалалардан келген аниматорлар, режиссерлер, суретшілер, анимациялық кино бірлестіктерінің өкілдері, мөлтек фильмдерді жасайтын жекеменшік киностудиялардың басшылары қатысуда. «Фестивальді өткізудегі негізгі мақсатымыз - Қазақстандағы анимациялық мультфильмдер аясында қордаланып қалған мәселелерді талқылау, қарау, шешу болып табылады»,-деді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның президенті Ермек Аманшаев. Үш күн бойы «Синема Тауэрс» кинотеатры мен «Қазақфильм» киностудиясында қазақстандық анимациялық фильмдерінің көрсетілімі, анимация саласындағы танымал мамандардың шеберлік дәрістері, кішкентай бүлдіршіндер үшін Қалалық қуыршақтар театрының қойылымдары, сонымен қатар, «Қазақ анимациясының дамуы мен болашағы» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырыстары өтеді. Дөңгелек үстелде анимациялық фильмдердің болашағы мен бүгінгі жағдайы талқыланатын болады. Бүгін «Қазақфильм» киностудиясы аумағында қалалық балабақшалар мен балалар үйлерінен арнайы шақырылған 150 бала үшін Қуыршақ театрының қойылымдары өтті. БАҚ өкілдері үшін «Қазақфильм» киностудиясындағы анимациялық кино бірлестігінің жұмысы мен алғашқы толықметражды «Ер Төстік» анимациялық жобасының жұмыс барысы таныстырылды. Сонымен қатар, бірнеше анимациялық фильмдердің көрсетілімі өткізілді. «Қазақфильм» киностудиясының анимациялық кино бірлестігінің жетекшісі Жәкен Дәненовтың айтуынша, «Ер Төстік» мөлтек фильмі киностудияның пилоттық жобасы болып табылады. «Бұл тұңғыш рет қолға алынып отырған толықметражды мультфильм. Туынды 60 минуттан тұрады. Онымен 10-15 шақты аниматорлар жұмыс істеуде. Алғашында ресейлік мамандарды тартқан едік, ұлттық нақыш жоғалғандықтан, қазір өзіміз жасаудамыз. Мультфильмді осыдан екі жыл бұрын қолға алдық, енді алғашқы толықметражды мультфильмді жылдың аяғына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Фильм барлық талаптарға сай, заманауи үлгіде, соңғы технологиялармен жасалынуда»,-деді ол. Ертең «Синема Тауэрс» кинотеатрында кішкентай бүлдіршіндер үшін «Қазақфильм» киностудиясында соңғы үш жылда шыққан мөлтек фильмдерінің көрсетілімдері болады. Кіру тегін.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін