Алматыда игерілмеген 2,4 мың жер телімінің бар екені анықталды - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда игерілмеген 2,4 мың жер телімінің бар екені анықталды

Алматыда игерілмеген 2,4 мың жер телімінің бар екені анықталды

Алматыда игерілмеген 2,4 мың жер телімінің бар екені анықталды.

  • 17 Қазан 2018
  • 13
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, бұл жер телімдерінің 27 пайызы айналымда, 47 пайызы 10 есе салық салу үшін мемлекеттік кіріс департаментіне жіберілді, үш учаске ерікті түрде мемлекет пайдасына қайтарылды. 

"Осы орайда қала прокуратурасы үлкен іс тындырды және Президент берген тапсырма аясында бұл жұмыс әрі жалғасатын болады", — деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Бүгінгі таңда прокурорлар жал ақысын төлемей пайдаланылып келген 34 жер телімін анықтады. Бұл жерлер мемлекеттік қорға қатарылатын болады.

Алқа отырысында қала прокуроры Берік Жүйріктаев соңғы екі жыл ішінде мегаполистің инфрақұрылымын дамыту және жол айрықтары мен жолдар салу мақсатында 300-ден астам жер телімінің қайтарылғанын хабарлады. Жүргізілген тексеру барысында құжаттардың қолдан жасалғандығы, жер бағасының негізсіз көтерілгені анықталды. Осындай заңсыз іс-әрекеттердің салдарынан мемлекетке келген шығын 2,5 миллиард теңгені құраған, прокуратура жүргізген шаралар арқасында 1,5 миллиард теңге шығынның орны толған.

"Бұл салада түрлі құйтырқылар жасалады. Обьектінің әрбір иесі компенсация бағасын көтерудің түрлі жолдарын іздестіреді. Олар үшін ең қолайлысы жалған құжаттар мен бағаны көтеру. Қылмыскерлер барлық құжаттарды -жергілікті органдардың шешімдерін, техпаспортты, нысанды іске қосу актісін қолдан жасайды. Біз жалған құжаттардың 14 фактісін анықтадық, бұлардан келетін шығын 2 миллиард теңгені құрайды. Бұларға қатысты қылмысты іс қозғалды, шығынның орнын толтыру шаралары жүзеге асуда", — деді Берік Жүйріктаев.

Ол өзінің сөзінде қазіргі кезде прокуратура тарапынан бағалаушылардың берген қорытындысына салыстырмалы сараптама жүргізілгенін және келеңсіз фактілердің анықталғанын айтты. Құжаттарды қайта тексеру кезінде істі сотта қарауға басымдық беріледі. Бүгінгі таңда сотта қаралған 5 объектінің алғашқы құны 500 миллион теңгеге төмендеген. Қарсылық білдірілген 12 іс қаралуда, олардың бағасы 300 миллион теңгеге төмендейді деп күтілуде.


Қалалық прокуратураның мәліметі бойынша, жалға беру мерзімі өтіп кеткен жерлерге қатысты келеңсіз фактілер болған. Соңғы 10 жыл ішінде уақытша пайдалануға жалпы көлемі 3,7 мың гектар болатын 18 мың жер телімі берілген, оның ішінде облысқа тиесілі жерлер де бар. Адамдар жалға беру мерзімі өтіп кетсе де жерді пайдаланып келген әрі оны ұзартуға еш әрекет етпеген. Соның салдарынан бюджетке жал ақысы ретінде ешқандай қаржы түспеген.

Жалпы, прокурорлық қадағалау актісі бойынша қазіргі кезде Алматыда игерілмеген жер телімдеріне 10 дүркін салық салу жұмыстары қолға алынған.

"Мысалы, көппәтерлі үй салынуы тиіс 43,9 гектар жер учаскесіне 10 дүркін салық салынса, оның көлемі 120 миллион теңгені құрайтын болады", — деді қадағалаушы органдағылар.
 

Соңғы жаңалықтар