Фестивальде Азия, Еуропа, ТМД және Балтық жағалауы елдерінің кинотүсірушілерінің туындылары ортаға салынады. Байқауға қатысатын туындыларды бағалау үшін халықаралық қазылар алқасы жасақталған. Оның құрамына танымал кинотүсірушілер, әртістер, режиссерлар, драматургтар мен продюсерлер енді. Кинофестивальдің құрметті президенті болып қоғам қайраткері әрі ақиық ақын Олжас Сүлейменов сайланды.
«Еуразия» фестивалінің бағдарламасына Еуропа және Азия елдерінің толық метражды көркем фильмдерінің (2004-2005-жылғы) байқауы, қазақ киносына шолу (2003-2005-жылдар), Орталық Азия елдерінің кинотуындыларына шолу (2003-2005), шығыс пен батыстың танымал режиссерларының ретроспективасы, Кеңестік кезеңде тыйым салынған қазақ киносы сынды байқаулар қамтылған.
«Таңдаулы фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз тынды 10 мың АҚШ долларымен марапатталады. Ал ең таңдаулы режиссерлық жұмыс 5 мың долларға бағаланса, қазылар алқасының арнаулы сыйлығы 3 мың, ең таңдаулы әйел және еркек бейнесін сомдаушылар тиісінше 2 мың АҚШ долларымен марапатталады.
Байқау қорытындысы 2-қазанда белгілі болады.