Алдағы уақытта көше атаулары тек қазақ тілінде жазылады. Ал бір топ тұрғын қазақ еліне аты танымал ерлердің есімін ұлықтаудың жаңа жолын ойлап тапты. Алматыға іргелес орналасқан тұздыбастаулықтар көше атауына есімі берілген тұлғаларды суретімен бірге іліп жатыр. Жаңашыл топтың бастамасын қала тұрғындары қолдағанмен, ономастика атауына жауапты мамандар бірыңғай белгінің басқаша болатынын көрсетті. Бұл туралы Алматы арнасы хабарлады.
Тұздыбастау ауылындағы «Шығыс-2» деп аталатын шағын аудан соңғы үш-төрт жылда пайда болған. Көше атауы берілген соң ауыл тұрғындары ақылдаса келіп, ілінетін тақтайшаны суретімен бірге шығаруға тапсырыс беріпті.
«Жастарға үлгі ретінде, көрген кезде осы батыр, осы бабамыз екен, әркім көріп, бір жағынан қызығып, тарихи мағұлматтар жинап біліп алса деген ой мақсатпен жасадық», — деді идея авторы Забыржан ОРЫНБАЕВ.
Түрлі анықтама белгі шығаратын цехтың басшысы көше атауын суретімен бірге шығаруға тапсырыстың алғаш рет түсіп отырғанын айтады. Тақтайшадағы суреттің су тигенде өшіп кетпеуі үшін неміс материалы мен сапалы бояуды пайдаландық дейді. Бір тақтайшаның құны үш мың теңге көлемінде.
«Материалы алюкобонд. Әріптерді кесіп, жабыстырамыз. Сонда машиналар өткенде әріптер жақсы көрінеді», — деді цех директоры Гүлназ ЖҰМАТАЕВА.
Ал көше атауына жауапты тіл басқармасындағы ономостика бөлімінің мамандары тұрғындардың жасаған бұл ісін құп көргенмен, жаппай қолдау таппайды дейді. Себебі, белгілі тұлғалардың аттары жазылған тақтайшаларды суретімен бірге ілу қазынаға қымбатқа түседі, әрі барлық елді мекендердегі көше атуларын бір үлгіде жазу бойынша арнайы бекітілген нұсқау бар.
«Белгіленген құқықтық заңнама жоқ. Белгіленген тәртіп бойынша ол жерде суретті көрсету деген мүлдем жоқ. Бір іздендіру жөнінде арнайы тапсырма бар», — деді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің басшысы Өтепберген ҚАЛЫБАЙ.
Алдағы уақытта көше атаулары суретімен болмасада адам аттары тек қазақ тілінде жазылады. Ұзындығы 1,20 см, ені 25 см метр болатын көк түсті, екі шеті оюланған белгіде тек көше деген сөздер үш тілде таңбаланады. Әрі адам аттары қысқартылмайды. Бірақ қаржы әлі толық қарастырылмағандықтан қазақ тіліндегі жаңа атаулардың толық жүзеге асатын уақыты белгісіз.
«Қаулымен әр аудан әкімінің аппараттары көшелердің атауларын ауыстыруға тиісті. Көшенің атауын ауыстыру бір мәселеде, сол қаулыны орындау басқа мәселе. Ол қаржыны талап етеді», — деді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақыт ҚАЛЫМБЕТ.
Көше атауларын толығымен қазақшалау жұмысы дегенмен баяу болмақ. Себебі, қыруар қаржы қажет. Оның үстіне Алматыда 2500-дей көше болса, олардың 500-ге жуығы қайталанады. Абай аты берілген 12, Жамбыл Жабаев есімі берілген көше 13 рет кездессе, Әуезов 3, Құрманғазы атындағы көше 6 жерде бар. Мұның қатарынан Сейфуллин, Наурызбай, Мәметова сынды есімдерде көп табылады. Алайда, аталған мәселелер мараторий алынбай шешімін таппайды. Айта кетейік, Алашорданың 100 жылдығына байланысты біраз көшенің атауы өзгеруі бек-мүмкін.