халқымыздың күміс көмей, жез таңдай әншісі, Кеңестер одағының халық әртісі Күләш Байсейітованың туғанына 100 толуына арналған салтанатты кеш болып өтті.
Тойға өнерсүйер қазақ жұрты көп жиналды. Кеш «Қазақтың бұлбұлы» атанған әйгілі әншінің өмірбаянынан сыр шертетін бейнефильмнің көрсетілімімен басталды. Салтанатты кеште Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, театрдың опера әншілері мен балет бишілері өнер көрсетті. Кеш барысында Нұржамал Үсенбаева, Балапан Жұбаева, Жәмилә Баспақова, Гүлзат Дәуірбаева, Дина Хамзина және т.б театрдың шебер де, талантты әншілерінің орындауында Күләш Байсейітова шырқаған «Гәкку», «Мадам Баттерфляй» операсындағы Чио-Чио-Cанның монологы, «Бұлбұл», «Абай» операсындағы Ажардың әні, «Қыз Жібек» операсындағы Жібек ариясы, «Ер Тарғын» операсындағы Ақжүністің әні, «Біржан-Сара» опералық айтысындағы Сара әндері шырқалды. Сондай-ақ, Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектептің скрипкашылары өнер көрсетті.
Алматыда тума талант иесіне берілген көше мен музыкалық мектеп бар. Қазақстанда жыл сайын вокалистердің К. Байсейітова атындағы байқауы өткізіледі. Қазақстанның Орталық Мемлекеттік мұражайында Күләштің домбырасы сақтаулы тұр. Аса жеңіл жасалған ғажайып аспап ұлы дарынның құрметіне арнайы жасалған.