Көрермендердің назарына алғаш рет классика, қазіргі заман әуендері, халық музыкалары, сондай-ақ, рок музыканың үздік туындылары мен джаз импровизациялары қосылған жаңа дүниелер ұсынылады.
Шара барысында TOP ARCHI GROUP «TRIUMVIRAT» ішекті аспаптар үздік тобының тұсаукесер рәсімі жасалды. Оркестр алғашқы рет классикалық көркемөнердің дәстүрлі шеңберінен шығып, орындаушылық шеберліктің түрлі сипаттарын біріктірді.
«Топтың аты «үздік ішекті топ, үш жанрдың — классика, эстрада, халық музыкаларының қосылуы» деген мағынаны білдіреді. Бұл оркестрді жаңа форматтағы топ деп айтуға болады. Елімізде әр түрлі оркестрлер бар, бірақ олар музыканы өз бағыттары ғана бойынша ойнайды. Біз әзілді араластыра отырып, әр музыка жанрының қосындысынан жаңа дүниелер ойлап таптық, оған қоса би де бар, бүгін біздің өнерімізді тамашалауға келген көрермен қауымның тік тұрып қатты қошемет көрсетуіне қарағанда жаңа форматта үндесін тапқан музыкалар ұнады деп ойлаймын», — деді аталмыш шараның ұйымдастырушысы, топтың жетекшісі Гаухар Тасбергенова.
Оның айтуынша, топ өткен жылы күз айында құрылған. «Дайындық жұмыстарына 2-3 ай кетті. Мұндағы өнерпаздар әр түрлі оркестрлерде өнер көрсетіп жүрген, бүгінде елімізде ғана емес, шетелде танымал болып үлгерген орындаушылар, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары», -деді Г. Тасбергенова.