Бұл Алматы қаласы және облысы бойынша қызмет етіп келген жалғыз сот медицина орталығы еді. Талай қылмыстың бетін ашып, талай өлімнің себебін анықтаған осы мекеме. Іргетасы ғасыр бұрын қаланған ғимараттың апатты деп танылғанына біраз жыл болған. Биыл тіпті қабырғалары опырыла бастаған соң 180 қызметкердің мәжбүрлі түрде көшулеріне тура келіпті.
Мәйіт аршумен айналысқан арнайы орталықтың «ең жаңа» деген ғимараты 1960 жылы бой көтерген. Кәріз құбыры жарылып, төтенше жағдайлар жиілеген соң жауаптылар «мәйітхана мүлдем сүрілуі тиіс» деп шешіпті. Орнына 4 кеңселі нысана салынбақ.
Бірақ мұндай көршілікке жергілікті тұрғындар қарсы шықты. «Мұндай сұмдықты сәбилерімізге көрсетпейміз» дегендер күні-түні тыныштық жоқ деп ашулы. Оның үстіне бұрынғы аурухана ғимараты мәйітхана болуға мүлдем жарамайды деп отыр жұрт.
Кім болмасын, есік ауласында марқұмдардың өлігін әрлі-берлі тасуын қаламасы анық. Осыны арызға тізген 400 тұрғын аудандық прокуратураға шағым түсірді. Яки, сот медицина орталығын бөгде жерге ауыстыруын талап етіп.
Наталья Сокольская, Алматы қаласының тұрғыны:
— Бұл не деген сұмдық, дәл мына жерге мәйітті шығарып қоштасу рәсімін өткізеді. Балалар мектепке бара жатып, соның бәрін көреді.
Жұрт қанша шуласа да жаңа мәйітхананың әзір дайын болмасы анық. Өйткені әзірге құрылыс басталмақ түгілі, орны да дайын болған.
Тахир Халимназаров, Сот медицина орталығы Алматы филиалы директорының орынбасары:
— 5-6 айдың ішінде жер тауып, жаңа морг салынуы керек келешекте. Табылғанша біз мына жерде жұмыс істей тұрамыз. Өйткені біздің жұмыс тоқтамау керек.
Дегенмен, қызметті бір сәтке де «тоқтата алмаймыз» деген мәйітхана жаңа мекемеге түгелдей көшіріліп біткен. Қазір өлік сақтайтын 4 тоңазытқышын орналастырып, аршу жұмыстарын жалдамалы орындарында бастап кетіпті.