Оған Дін істері жөніндегі басқармасы өкілдері мен Алматы қаласы ІІД Діни экстремизге қарсы күрес басқармасы, прокуратура қызметкерлері, қалалық және аудандық ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сарапшылар мен теологтар, дінтанушы мамандар қатысып, ортақ мәселе – экстремизммен ұтымды күресу жолдары мен механизмдерін талқылады.
Жиын кезінде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Айдар Рахымжанұлы «Алдын ала болжау жасау қиын. Десек те, соңғы болған жағдайлар барлық ұйымдардың жұмысын жіті қадағалаудың қажеттілігін көрсетіп берді. Жан-жағымыздағы елдер жанама болса да ықпалын тигізіп жатыр. Сондықтан, экстремизм мәселесінде алдын алу шараларын жүргізудің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Ол туралы президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы тапсырма берді. Мұны әкімдік қызметкерлері бір өзі орындай алмайды, сондықтан, сіздердің көмектеріңіз керек» деп мамандарды белсенді болуға шақырды.
Алдағы уақытта экстремизм мен терроризмге қарсы ақпараттық-түсіндіру тобы құрылмақ. Оның құрамында танымал тұлғалар мен жастар үлгі тұтатын спортшылар мен өнер адамдары да болады. Ол туралы Алматы қаласы Дін істері бойынша «Талдау және сараптау орталығы» басқармасының жетекшісі Бейбіт Тұрабаев: «Ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы гуманизмге негізделеді. Теологтармен, елге танымал адамдармен бірге жұмыс істелінеді. Айта кетерлігі, белгілі бір топтың сойылын соқпаймыз. Жалпы жоспар бойынша алдағы уақытта 500-дей шара ұйымдастырылады. Оның 200-і студенттер мен қызметкерлерге дәріс, 200-і аудандық әкімдіктермен бірге арнайы жиындар, 20-сы семинар, 50-і түрмеде отырған, діни сауаты төмен жандарға түсіндіру-ағарту сабақтары ретінде белгіленді», — деді.
Қазір қала бойынша 48 ислам, 16 православтық ұйым бар. Католиктік, протестандық және өзге де бірлестіктер саны 100-ден асады. 130-дай шетелдік миссионерлік ұйым тіркелген.