Жарияланды: 430

Алматыда мас жүргізуші патруль көлігін соғып, үш полицейді жарақаттады

Алматыда мас күйінде рульге отырып, патруль полициясы экипажымен түйіскен 35 жастағы жергілікті тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, «жол апаты ішімдік ішіп рульге отырған «Тойота» көлігінің жүргізушісінің кінәсінен болған». Оның үстіне, содан бір күн бұрын жол полицейлері оның жүргізуші куәлігін алып қойған көрінеді. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, айыпкердің өзі изоляторға тоғытылды. Хабарламаға қарағанда, жол апаты өткен сенбі күні «Әйгерім» ықшам ауданында болған. «Тойота» жүргізушісі негізгі жолға шығар жерде полиция көлігіне жол бермеген. «Көліктегі полицейлердің үшеуі де жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Апат кезінде старшина Батырбек Жидебаев қатты жарақаттанған. Дәрігерлердің айтуынша, оның омыртқасы мен жұлыны, басы зақымданып, мойын омыртқасы шығып кеткен», - делінген хабарламада. Дәрігерлер оның мүгедек болып қалуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Патруль полициясы қызметкері 36 жастағы Б.Жидебаевтың әйелі мен кішкентай үш баласы бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін