Алматыда наразылық білдірген борышкерлерді полиция ұстап әкетті - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда наразылық білдірген борышкерлерді полиция ұстап әкетті

Алматыда наразылық білдірген борышкерлерді полиция ұстап әкетті

Борышкерлер кезекті рет бас көтерді! Бүгін Алматыда олардың қайта қаржыландыру бағдарламасына қарсы акциясы жаға жыртысумен аяқталды. Ұлттық банк алдына жиналған жұрт жолды жауып қарсылық білдірмек болған. Бірақ полицейлер белсенділерін алды-артына қаратпай, бөлімшеге сүйреп әкетті. Ал несиеге қымбат пәтер алып, уақытында төлей алмағандардың талабы сол бұрынғы. Қарызды толық кешіруді сұрайды.

  • 10 Қазан 2015
  • 464
Фото - Caravan.kz

Бұрышкерлер бұл жолы да Ұлттық банк кеңсесін бетке алған болатын. Әдетте жолдың қарсы бетінде тұрып, наразылықты сырттай бақылайтын полицейлер бұл жолы белсенділерін кәнігі қылмыскердей қарсы алды.

— Андрей қаш. Қаш.

Кезінде министрге жұмыртқа лақтырып аты шыққан Андрей Цуканов алысқа ұзай алған жоқ. Ал белшеден қарызға батқан борышкерлер мемлекеттен бөлінген 130 млрд теңгенің толық меңгерілмей жатқанын Ұлттық банк басшылығына жеткізбек болды. Себебі, екінші деңгейлі банктер талаптар мен ережелерді өз ығына қарай өзгерте бастаған көрінеді.

Кенжебек Жақыпов, борышкер:

-Бұл жағдайда барлығымыз кінәліміз. Мемлекет те, Ұлттық банк те, екінші деңгейлі банк пен борышкерлер де кінәлі. Енді мәселені бірселіп шешуіміз қажет. Бірақ банктер басқа ұстанымда. Шоттарына қаржы аударылған соң өз қалауынша шарттарды өзгертуге кірісті. Біз онымен келіспейміз.  

Келіспейміз дегендердің басым бөлігі қарызды мемлекет есебінен мүлдем кешіруді сұрайды. Бірақ борышкерлердің сөзін құлағына ілетін бір жан табылмады. Ал қарызы басынан асқандардың қарқыны қатты.  Тіпті наразы топқа ескерту жасайын деген прокурордың өзі полицейлерден араша сұрауға мәжбүр болды.

Қақпа алдындағы айқай-шудан нәтиже шықпайтынын түсінген борышкерлер көшені жабуға да әрекеттенген. Бірақ ойлары іске аспады.


Осылайша белсенділер полиция бөлімшесіне кетті. Ал ашулы борышкерлердің алдына шығуға батылы жетпеген Ұлттық банктің менеджерлері тілшілерді түс қайта жинады. 

Дәмилә Байділдаева, Ұлттық Банктің басқарма басшысы:

– Толығымен кешіруді сұрап жатыр, негізгі сома қарызын жартылай кешіруді. Шарттарға сай келмейтін қарыз алушылар да бар. Олардың үйлері 120 шаршы метрден асады немесе негізгі қарыз сомасы 36 млн теңгеден асатын неше түрлі жағдайлар бар.

Яғни, борышкерлер қанша шуласа да банк ешкімнің қарызын кешірмек емес. Қайта қаржыландыру бойынша, үстеменің 3 пайызға дейін төмендеуінің өзі үлкен жеңілдік дейді олар. Сондықтан кезінде миллиондап алынған қарызды борышкерлерге қайтарудан басқа амал жоқ.

Соңғы жаңалықтар