Құтқару қызметінің ақпараттарына сүйенсек, бүгін 11.59-да «Медициналық жедел жәрдем» қызметіне № 16 мектепте бірнеше оқушы белгісіз газдан уланды деген хабар келіп түскен.
Оқиға орнына келіп жеткен құтқару қызметінің қызметкерлері мектеп ғимаратынан 422 адамды шығарды.
Мамандар арнайы құрылғы — газды хроматографтың көмегімен ғимараттың 2-ші қабаты мен 3-ші қабаттарындағы ауа құрамында хлорпикриннің бар екендігін, асханада аз мөлшердегі бутан газының, этил спиртінің және сірке қышқылының бар екендігін анықтады.
Улану салдарынан 13-15 жас аралығындағы бес оқушы қалалық бірінші балалар ауруханасына жеткізілді. Олардың ахуалы орташа деп бағалануда. «Мектепте сабақ тоқтатылды»,- деп хабарлады құтқару қызметінен.
Бұрындары хабарлағанымыздай, кеше осы тектес оқиға № 161 Алматы гимназиясында болған. № 161 гимназияда болжам бойынша бутан газынан 23 оқушы уланған болатын. Бүгінгі күні ауруханада олардың екеуі емделуде. Құтқарушылар мектептің асхана ғимаратында бутан газының мөлшері шекті-мүмкін концентрациядан 30 пайыз артық екендігін анықтаған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті