Бұған дейін Киевте өткен қоршаған ортаны қорғау министрлерінің бесінші конференциясында қатысушы мемлекеттерге экологияны ластаушы улы қалдықтар шығаратын көздерді тіркеу, оларды бақылауға алу, осы жөніндегі ақпаратты өз елі мен көршілес мемлекеттерге таратып отыруға міндеттейтін хаттамаға қол қою ұсынылған болатын. Алайда экономикасы өтпелі кезеңді басынан кешіп отырған елдерге бұл ұсыныс техникалық жағынан қиындық туғызды.
«Біздің де хаттамаға қол қою мүмкіндігіміз әзірге шамалы, дегенмен, бұл жолда біраз жұмыстар атқарылып жатыр»,- дейді ҚР қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Жамбыл Бекжанов. «Қыркүйек айында осы мәселені шешу мақсатында арнайы семинар өткізіліп, хаттамаға қол қою мүмкіндігі тағы да қарастырылады»,- дейді ол.
Орхусс конвенциясына сәйкестік комитетінің төрағасы Вайт Костер мырзаның айтуынша, кейбір елдердің заңнамалары конвенция қағидаларына кереғар келіп жатады. Бұл қоршаған ортаны ластауға байланысты түскен шағымдарды шешуге қолбайлау болады. Сондықтан биылдан бастап, Орхусс конвенциясына қол қойған елдерде оның сақталуы қадағаланып, осы жөніндегі есеп тыңдалатын болады.
Орхусс конвенциясы 1998 жылы Данияда өткен қоршаған ортаны қорғау министрлерінің төртінші жоспарлы Еуропалық мәслихатында қабылданған. Бұл конвенция Қазақстанда 2001-жылдан бастап күшіне енді. Оның қағидалары ҚР-ның өзге заңдарымен тең деп есептеледі.