С. Сатиратайдың айтуынша, «Таиланд басшылығы бір-біріне мүлдем ұқсамайтын Азия елдері біртұтас болуға және өзара қоян-қолтық ынтымақтасуға тиіс деп санайды». «Біз халықаралық және аймақтық деңгейде бейбітшілік пен өзара ынтымақтастық нығая түседі деп сенеміз»,- деді ол.
С. Сатиратайдың атап көрсеткеніндей, Таиланд пен Қазақстан өзара ынтымақтықтың жаңаша дәуірі басталғаны туралы ортақ пікірге қосылады. Мәселен, Қазақстан — Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыруға бастама көтерсе, Таиланд Корольдігі өз кезегінде Азиядағы ынтымақтастық туралы диалог құру туралы бастама иесі. «Біз өзара ынтымақтастықты дамытуға, өзара пікір алмасуға бағытталған кез-келген бастаманы қолдаймыз»,- деді министр.
Осынау ынтымақтастық аясында Таиланд Қазақстанды Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке қабылдату тұрғысында жан-жақты қолдау көрсетпекші, деді С.Сатиратай. «Біз сондай-ақ Қазақстан президентінің 2007-жылы әлемдік дін лидерлерінің конгрессін шақыру туралы бастамасын қолдай отырып, бұл бас қосуға өз қатысушыларымызды жібереміз»,- деді ол.
Ал ҚР СІМ Таиланд сыртқы істер министріне өз елі тарапынан Қазақстанның Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің қауымдастығына (АСЕАН) әріптес ретінде бірігу жөніндегі мәлімдемесіне қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдірді.