М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ұйымдастырып отырған шара әдебиеттанушы, сыншы, журналист, аудармашы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Республикаға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Әлеуметтік ғылым академиясының академигі Жұмағали Ысмағұловтың 85 жылдық мерейтойына арналған. Мәслихатта ҚР ҰҒА академигі Серік Қирабаев, Әдебиет және өнер институтының Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Серікқазы Қорабай, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қанапия Ахметов, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Жұмабай Шаштайұлы, «Қазақстан» баспасының директоры Нұрмахан Оразбек, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Темірхан Тебегенов, жазушы, журналист Сарбас Ақтаев, «Қазақ» газетінің бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев сынды қаламгерлер баяндама жасап, естеліктерін айтады. Конференцияда Жұмағали Ысмағұлов туралы «Перзенті еді халқының» атты естеліктер мен лебіздер кітабының тұсаукесері болады.
Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Соналы ауылында 1928 жылы 17 сәуірде өмірге келген қоғам қайраткері 2011 жылы 17 қаңтарда дүниеден озды. Еңбек жолын әріп терушіден бастаған Ж.Ысмағұлов 1943-54 жылдары бірқатар баспасөз органдарында, 1954-58 жылдары ҚазКСР Компартиясы Орталық комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарды. Одан кейін 1961-63 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор, 1963-64 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бөлім меңгерушісі, 1965-69 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде жауапты редактордың орынбасары, 1969-73 жылдары Партия тарихы институтында сектор меңгерушісі, ал 1973 жылдан КазКСР Министрлер кеңесі жанындағы Ақпарат агенттігінде (ҚазТАГ) директордың орынбасары, 1982-87 жылдары директоры болды. 1987 жылдан кейін ғылым жолына бет бұрып, 1994 жылы филология ғылымының докторы, 1998 жылы профессор атанды. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірқатар медальдармен марапатталған.