Алматыдағы басқа жастар үйінің тұрғыны Серік Кенжебеков (ол туралы бұрын газетте жазылған) "КАРАВАН" газетінің тілшісіне бұл қайғылы оқиғаға не себеп болуы мүмкін екенін айтты.
— Равиль жетім әрі мүгедек еді. Психикалық денсаулық орталығында тіркеуде болған, — дейді Серік. — Жастар үйінде адам 29 жасына дейін тұрады. Ол 5 қыркүйекте мүгедектер үйіне ауысуы керек болатын. Меніңше, соған барғысы келмеді. Өйткені ондағы жағдай басқаша. Түрме сияқты жабық мекеме ғой.
— Ол жігіт қалай күн көрді? Бөлменің ақысын қалай төледі?
— Жәрдемақымен күн көрді. Сонымен қатар, ол Достық және әл Фараби даңғылдарының қиылысындағы көпірде қайыр сұрайтын.
Алайда жастар үйі директорының әкімшілік-шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Серіктің сөздерін теріске шығарды.
— Марқұм мүгедектер үйіне ауысу туралы өтінішті өз еркімен жазды. Ол — екінші топтағы мүгедек. Жәрдемақысымен күн көрді. Бізге 18-29 жас аралығындағы қыз-жігіттер келеді. 29 жасында олармен келісім-шартты бұзамыз. Содан кейін не істейтінін өздері шешеді. Егер сұрап жатса, жұмыс тауып береміз, мемлекеттік бағдарламамен пәтер кезегіне қоямыз, құжаттарын тапсырамыз. Оқимын десе, оған да көмектесеміз. Ал психикалық денсаулық орталығында тіркеуде тұрғандарға психолог қарайды, — дейді директор орынбасары.