«Бөбек» қорының төрайымы Сара Назарбаеваның төрағалық етуімен өткен конференцияға «Өзіңді-өзің таны» пәнінен дәріс беретін 300-ден астам Қазақстандық оқытушылар, Ресей, Қырғызстан, Ұлыбритания тәрізді елдердің қоғамтанушы ғалымдары қатысуда.
Конференцияны ашып сөз сөйлеген ҚР білім және ғылым министрі Ж.Күлекеев биыл еліміздегі 105 білім ошағында «Өзіңді-өзің таны» пәнінен дәріс оқыла бастағанын хабарлады. Ал «Бөбек» қорының төрайымы С.Назарбаева «бұл пәнге өз елімізден тыс жерлерде де қатты қызығушылық танытылып отыр «,- деп мәлімдеді. Оның айтуынша, конференцияның мақсаты — жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беруде жаңа үрдісті жеделдетуде күш біріктіру, ой бөлісу және жинақталған тәжірибені ортаға салу болмақ.
Бүгін түстен кейін конференцияға қатысушылардың баяндамалары тыңдалып, ертең бас қосу жұмысы төрт секция бойынша жалғасын табады. Конференция соңында жастарды адамгершілік-рухани тәрбиелеу жұмыстарын жетілдіру мақсатында нұсқаулар қабылданбақшы.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, «Өзіңді-өзің таны» пәні еліміздің бірнеше мектебінде оқу бағдарламасына енгізілген болатын . Қазір жаңа пәнді сынақ ретінде оқыту жұмыстары балабақшалар, мектептер мен жоғары оқу орындарында жүзеге асырылуда.