Алматыда прокурордың сотқа келмеуіне байланысты Татьяна Беловаға қатысты іс созылып барады - kaz.caravan.kz
  • $ 510.18
  • 601.91
-4 °C
Алматы
2025 Жыл
24 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда прокурордың сотқа келмеуіне байланысты Татьяна Беловаға қатысты іс созылып барады

Алматыда прокурордың сотқа келмеуіне байланысты Татьяна Беловаға қатысты іс созылып барады

Мемлекеттік айыптаушының сот отырысына келмеуі “Альфа-Стом” ЖШС директоры Татьяна Беловаға қатысты сот процесінің белгісіз мерзімге кейінге шегерілуіне себеп болды.

  • 24 Желтоқсан
  • 756
Фото - Caravan.kz

Татьяна Беловаға алаяқтық, бопсалау және жалған арыз беру деген үш бап бойынша айып тағылып отыр. Мемлекеттік айыптау тарапының пайымдауынша, аталған үш эпизодтың барлығында Белова “Альфа-Стом” ЖШС-нің иесі Лилия Аношинамен сөз байласып әрекет еткен. Қазіргі таңда Л. Аношина іздеуде жүр. Алайда, шын мәнінде ол Францияда тұрып жатыр және Қазақстанға оралмай отыр. Себебі елге келсе, Татьяна Белова секілді бірден ұсталып, тергеу изоляторына қамаламын деп қауіптенеді.

Сот процесіне қоғам назар аударып отырғанының себебі — Лилия Аношина қазақстандық құрылыс магнаты, “Базис-А” холдингінің негізін қалаушы Александр БЕЛОВИЧТІҢ азаматтық жұбайы болған. Сондай-ақ, Белович осы істің бір эпизоды бойынша жәбірленуші ретінде танылған.

Іс бойынша тағы бір жәбірленуші — Ресей азаматы Владислав ЛИХАЧЕВ. Ол Беловичтің екі жасынан бастап тәрбиелеп өсірген өгей қызы Лара Эртлдің жұбайы.

А. Белович сот алдында өзінің жеке басын растауда

Процесс

Сейсенбі күні жоспарға сәйкес сот жәбірленуші тараптың, яғни А. Белович пен оның күйеу баласы В. Лихачевтің куәліктерін тыңдауы тиіс болған. Олар қорғау тарапы адвокаттарының талабы бойынша сот отырысына қатысып отыр. Жәбірленуші тараптан жауап алу бір күнге созылады деп жоспарланған.

Алайда сот отырысына прокурор келмеді. Мұндай жағдай үшінші рет қайталанып отыр.

– Мен сот залында мемлекеттік айыптаушыны көріп тұрған жоқпын, – деп отырысты ашты мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Бахыт Нұрланов. — Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушыны ауыстыру немесе оның сотқа қатыса алмайтыны жөнінде ешқандай өтінім түскен жоқ. Мемлекеттік айыптау тарапы тіпті айыптаушының сотқа не себепті келмегенін хабарлауды да қажет деп таппаған. Осыған байланысты сот отырысын одан әрі жалғастыру мүмкін емес. Аталған жағдай анықталатын болады. Бүгінгі сот отырысы кейінге қалдырылды. Келесі сот отырысының уақыты сот тарапынан қосымша хабарланатын болады.

Бұл — мемлекеттік айыптаушыларға байланысты кейінге шегерілген төртінші сот отырысы. Алғашқы отырыста прокурор өзінің жұмысбастылығын алға тартып, Т. Белова мен В. Лихачевтің жеке басы анықталғаннан кейін бірден соттан сұранып кетті. Екінші отырысқа басқа прокурор келді. Ал үшінші және төртінші отырыстарға мемлекеттік айыптаушы мүлде келмеді.

– Қорғау тарапы мемлекеттік айыптаушының сотқа келмеуін айыптаудан бас тарту деп санайды және бұл процесті прокурорсыз қарау қажет деп есептейді, – деді қорғаушы адвокат Алишери МИРЗАХАНОВ. – Барлық тараптар — айыптау тарапы да, қорғау тарапы да сот отырысына қатысып отыр.

Т. Белова айыпталушы орындығында

– Біз азаматтық процесте отырған жоқпыз, – деп судья дауысын сәл көтерді. – Бізде қылмыстық-процестік заңнама қолданылады. Егер сіздер мемлекеттік айыптаушының келмеуін айыптаудан бас тарту деп есептесеңіздер, онда ол жазбаша түрде рәсімделуі тиіс.

– Мемлекеттік айыптаушы сот процесіне үшінші рет келмей отыр. Біз мұны айыптаудан бас тарту деп қабылдаймыз, – деп уәж келтірді қорғаушы адвокат Сауле ҚАБЖАНОВА.

– Сот пікірталасқа бармайды. Заңға нақты сілтемені көрсетіңіздер, – деп сөзін кесті судья. – Бұлтартпау шарасына қатысты (Т. Белованы қамауда ұстау – “Караван”) сіздердің шағымдарыңыз қалалық сотқа жолданды. Шағымды қарау нәтижесі бойынша жауап аласыздар. Сот отырысы жабық деп жарияланады.

Белович пен Лихачевтің адвокаттары сот отырысын кейінге қалдыруға қарсылық білдірген жоқ.

Сот. Сырт көзбен қарағанда

Екі тарап — қорғау мен айыптау өздерін мүлде әрқилы ұстап отыр. Белованың адвокаттары ашық, журналистермен байланысқа шығады, болып жатқан жайтты түсіндіріп береді, қажет болса, артық орындықпен де бөлісе алады.

Татьяна Белованың өзі де қарым-қатынасқа қарсы емес, түсірілім жасауға да рұқсат етеді. Мүмкіндігінше қатысып отырғандарға өз пікірін білдіреді. Әрине, күзет рұқсат еткен шеңберде ғана. Тіпті тергеу изоляторында өзін күтуге мүмкіндігі шектеулі болса да.

Ал Белович – Лихачев тарапы керісінше — тұйық, үнсіз әрі тәртіпті. Барлық түймесі тағылған, “маған тиме” деген сауыт кигендей, басын тік ұстап отыр.

Александр Якубович журналистердің пікір алу жөніндегі барлық талпынысын бірден тоқтатты:

– “Барлығын процесс аяқталғаннан кейін айтамын”.

Іс материалдары үш қорап болған

Владислав Лихачев сот процесініңө басынан-ақ өзін фото және видеоға түсірмеуді талап етті. Ол баспасөз өкілдерімен үшінші, яғни тағы да кейінге қалдырылған сот отырысынан кейін ғана тілдесті. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар себеп болған секілді.

Лихачевтің ұстанымы

– Владислав, көліктердің иесі өзіңізсіз бе?

Иә, менмін, – деп жауап берді В. Лихачев.

– Олар үшін ақшаны өзіңіз төледіңіз бе, әлде Татьяна Белова арқылы ма?

Татьяна арқылы.

– Көліктердің сізге тиесілі екенін растайтын келісімшарт немесе сенімхат бар ма?

Жоқ. Тек ауызша келісім болды. Сенімхат — міндетті шарт емес. Бұл схема осылай жұмыс істейді.

– Қорғау тарапы көліктерді Носов алып кеткенін айтады (Носов М., Ресей азаматы, қорғау нұсқасы бойынша В. Лихачевтің серіктесі, АҚШ-та сатып алынған көліктерді сенімхат арқылы Беларусь аумағында алып кеткен). Сізге мәселені сол кісімен шешу керек дейді.

Бұл — әдейі айтылған өтірік. Қорғау тарапы сот процесін циркке айналдыруға тырысып отыр.

– Неге арыз Қазақстанда берілді?

Себебі көліктерді дәл осы жерде алуым керек болатын.

– Көліктерді Қазақстанда қандай жолмен алғыңыз келеді?

Полиция оларға іздеу жариялай алады. Бұл — тергеу органдарының құзырындағы мәселе. Бірде-бір көлік Қазақстан аумағына кірмеген. Мен мұны түсінбеймін. Мүмкін, тергеуге адвокаттар тарапынан қандай да бір қысым көрсетіліп жатқан шығар.

Владислав Лихачевтің адвокаты Александр БОРИСЕНКОВ та Носовтың инвойстарды қолдан жасаумен айналысқан тұлға екенін айтты. Оның әрекеттері жеке іс ретінде бөлінуі тиіс. Ал Носовтың өзін Қазақстанға экстрадициялау қажет.

Белованың ұстанымы

Сот отырысының кейінге шегерілгені жарияланғаннан кейін Белович–Лихачев тобы тәртіп сақтай отырып, бірден залдан шығып кетті. Олардың да мұндай шешімді күтпегені байқалды.

Зал босаған соң Татьяна Белованың қатысуымен шағын баспасөз жиыны өтті. Айыпталушы әйнекпен бөлінген айыпталушылар орнында отырып, қазіргі кезде басынан өтіп жатқан жағдайды баяндап берді.

Мен ұсталған сәттен бастап бірде-бір процессуалдық норма сақталған жоқ. Дәлелдермен негізделген шағымдар қалалық прокуратураға да, бас прокуратураға да жолданды. Алайда сол шағымдардың ешқайсысына жауап алған жоқпын. Бірде-бір рет жауап алу да, бірде-бір түсініктеме де тыңдалмады. Маған тіпті бірде-бір сұрақ та қойылған жоқ. Айыптау актісі де берілген жоқ. Мұның барлығын қалай түсіндіруге болатынын білмеймін. Бір жарым жылдан бері қамауда отырмын, – деді Татьяна Белова.

Қорғау тарапы Белович пен Лихачевтің жәбірленуші ретінде өз мүдделері бар деп есептейді. Олардың айтуынша, бұл істің түп-төркіні — Беловичтің отбасылық дауына барып тіреледі.

Адвокаттар мемлекеттік айыптаушының әрекетіне, оның сотқа келмеуіне және сотты құрметтемеуіне наразы. Олар мемлекеттік айыптаушы Татьяна Беловаға қарсы тергеу осыншама көп материал жинаған істе өз міндеттерін орындауы тиіс деп есептейді.

Перейти к новостям спорта