Оны жоғары оқу орнының ректоры Серік Пірәлиевтің қолдауымен Магистратура және PhD докторантура институтының директораты ұйымдастырып отыр.
А. Хаутайқызы 1990 жылы 29 қаңтарда Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келіп, 2007 жылы Баян-Өлгей аймағының № 5 аға мектебін алтын медальмен бітіріп шықты. Төрт жасқа жетпей хат таныған ол 1 сыныпта «Әліппе саңлағы» атанады. Ал 2006 жылы «Жылдың таңдаулы оқушысы», 2007 жылы Моңғолияның классик жазушысы Д.Нацагдорж атындағы «Озат оқырман», «Саңлақ оқушы» медалдарымен марапатталып, аймақаралық Наурызбике сайысында 3 орын алады. 2003, 2005, 2006, 2007 жылдары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Баяген-Өлгейде өткен аймақаралық олимпиадаларда І орын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен халықаралық жарыста 2005 жылы 3-орын, 2006 жылы 1-орын, 2007 жылы Гран-Приді жеңіп алды. Сондай-ақ Талдықорғандағы пәндік олимпиадада да Бас жүлдені иеленіп, Астана қаласындағы «Дарын» мемлекеттік ғылыми-тәжірибелік орталығының қолдауымен мемлекеттік грантты жеңіп алып, Абай атындағы ҚазҰПУ-ге оқуға түсіп, 2011 жылы тәмамдап шықты.
Өлең жазуды 9 жасынан бастаған оның ең алғашқы өлеңдері аймақтық «Сана» газетіне басылған көрінеді. 2004 жылы ұстазы Еркежан Тәбәракқызы оған сәт сапар тілеген мақаласы Баян-Өлгей аймақтық «Парасат» газетіне шығады. Ал 2007 жылы аймақтық «Шұғыла» журналында «Көз жасы көк аспанның тамшылайды…» атты топтама өлеңдері жарық көреді. Оның өлеңдері қазір Моңғолия мен Қазақстанның «Білім көкжиегі», «Абай университеті», «Түркі әлемі», «Жас қазақ үні», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» сияқты газеттері мен «Универ», «Үркер», «Алтын бесік» журналдарында басылып жүр. Жас ақын түрлі жыл мүшәйраларында да әрдайым жүлделі болып, өз оқырманын қуантуда. Атап айтқанда 2005 жылы Баян-Өлгейдегі аймақтық мүшәйрада, 2010 жылы Алматыдағы «Поэзияға көктем келді» атты қалалық мүшәйрада және Баян-Өлгей аймағының 70 жылдық мерейтойына арналған жыр мүшәйраларында бас жүлделерді иеленді. 2007 жылы Баян-Өлгейдің аймақтық оқушылар арасындағы мүшәйрада, 2010 жылы Астанадағы «Туған тілім — тұғырым» деп аталатын халықаралық жыр мүшәйрасында 2 орын алды. Сонымен қатар 2008 жылы М.Жұмабаевтың 115 жылдығына орай «Қайнар» университетінде өткен мүшәйрада 3 орын, 2011 жылы Павлодар қаласында өткен жас қаламгерлердің «Тәуелсіздік тұғыры» атты Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған фестивалінде Қадыр Мырзалиев атындағы сыйлықтың иегері атанды. Сонымен қатар фестиваль қорытындысы бойынша Алтыншапақтың «Қаламымнан сағынышым сырғанап…» атты 7 баспа табақтық жыр жинағы мемлекеттік тапсырысқа енгізілді. Ол 2013 жылы «Жалын» баспасынан 2 мың дана таралыммен жарық көреді деп жоспарланып отыр.