Жарияланды: 340

Алматыда қастандықпен кісі өлтірген топтың бір мүшесі қолға түсті

ІІМ мен Алматы қаласының криминалдық полиция қызметкерлері қастандықпен кісі өлтірген топтың бір мүшесін қолға түсірді.

ҚР ІІМ мәліметтеріне қарағанда, Алматы қаласындағы Академиялық қалашық аумағында орналасқан гигиена институтының маңында фирмалардың біріне тиесілі «Тойота ланд крузер» автокөлігінің 51 жасар жүргізушісіне оқ атып, көлігін иемденіп алған белгісіз біреулер оқиға орнынан іздерін жасырған. Жараланған азамат жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Оқиға орнында Макаров тапаншасының оқтарына ұқсас гильзалар табылды. Жедел іздестіру іс-шараларының барысында қылмыс болған жердің жанынан жәбірленушінің көлігі табылған. Аталған фирма директорын сұрастыра келе, ол жүргізушісін баласымен ауруханада жатқан жұбайына масаға қарсы дәрі сатып алып келуге жұмсағандығын айтты. Арада бірер сағат өткенде оған жүргізушісінің мәйіті табылғандығы туралы суық хабар жеткен. Бұл қылмысты ашуға ІІМ мен Алматы қалалық ІІД криминалдық полициясының тәжірибелі қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы жұмылдырылды. Аталған полицейлер жүргізген арнайы операция барысында 43 жасар жергілікті тұрғын құрықталды. Қазіргі таңда бұл оқиғаның куәгерлерін табу және күдіктінің сыбайластарын қолға түсіру бағытында кешенді шаралар жүргізіліп жатыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін