Алматыда Қазақстандық және Эстондық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 522.42
  • 543.89
-18 °C
Алматы
2025 Жыл
23 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда Қазақстандық және Эстондық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум өтті

Алматыда Қазақстандық және Эстондық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум өтті

Бүгін, 3-маусымда Алматы қалалық әкімшілігінде Қазақстандық және Эстондық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум өтті. Қазақстанда ресми сапармен жүрген Эстония президенті Арнольд Рюйтель шараға қатысып, кәсіпкерлерді құттықтады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 3 Маусым 2004
  • 434
Фото - Caravan.kz

Эстонияның сыртқы сауда, инфрақұрылым және салық салу саясаты саласындағы ахуалы туралы түсініктеме берген осы елдің сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Томас Луманның айтуынша, «Эстонияның Жалпы Ішкі Өнімі 2003-жылы 7 млрд. евродан асқан. Жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнім мөлшері 11 мың евродан асып жығылады. Былтыр Жалпы Ішкі Өнімнің жылдық өсімі 5,5 процентті құраған». «Еуропалық Одаққа бірігуге байланысты республиканың экономикалық көрсеткіштері бұдан да жақсара түседі» дегенге Т.Луман сенім білдірді.

Балтық мемлекетінің инвестициялық тартымдылығы туралы мәселеге тоқталған сауда-өнеркәсіптік палата президентінің айтуынша, Эстонияда салық режимі мейлінше жетілдірілген. Атап айтсақ, «жергілікті кәсіпорындар мен осы елде жұмыс істейтін шетелдік компаниялар қарапайым өндірістік іс-қызмет барысында тапқан пайдасынан салық төлемейді». «Келесі жағынан алғанда, кәсіпорындардың пайда таратуға байланысты дивидендтері мен төлемдері салық салынатын пайдаға саналады. Салық ай сайын төленеді. Бұл тұрғыда республика Еуропалық стандарттарға толық көшкен»,- деді ол.
Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Яков Заяцтың атап көрсетуінше, «бүгінгі кездесуге дейін Алматы Балтық жағалауы елдерінен Латвиямен, Рига қаласымен және Рига айлағымен етене жақын қарым-қатынас орнатқан. Бүгінде Алматыда Эстониямен бірлескен бірде-бір кәсіпорын жоқ». Дегенмен, Я.Заяц осы форум барысында «екі елдің кәсіпкерлері өзара байланыс орната алады» дегенге сенім білдірді.
Эстондық өкілдер құрамында кемелерді күзету және ондағы өкілдік, бөлшек және көтерме сауда, мұнай өнімдерін сақтау, сату және сатып алу, буып-түю және орама бұйымдар өндірісі, тәтті-кәмпит шикізаттарын өндіру және сату, құрылыс материалдары, тоқыма өнімдер, жол құрылысы компаниялары мен Таллинн айлағының өкілдерінен 30-дай адам қатысты.