«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының саяси кеңесінің төрағасы Асылбек Қожахметов сот отырысына ауырып жатқанын айтып келмеді. Осыған байланысты сот «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының басшылығына «қоғамдық бірлестік заңды тұлға болғандықтан сотқа басқа кез-келген ресми өкілді немесе адвокатты жіберуге болады» деген шақыру жолдады.
Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның Қазақстандық өкілдігінің директоры Евгений Жовтистің айтуынша, қазір «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы ресми өкіл ретінде өзін, ал сотта ҚДТ-ны қорғаушы қоғамдық өкіл ретінде Жармахан Тұяқбайды тағайындау туралы мәселені қарауда.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы қалалық прокуратурасы 2004-жылдың 27-желтоқсанында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы тарапынан Қазақстан заңнамалары мен Ата заң талаптарын өрескел бұзуға байланысты «Саяси партиялар туралы» заңның 14-бабына сәйкес қоғамдық бірлестікті тарату туралы шешім қабылдау жөнінде Алматы қалалық мамандандырылған экономикалық сотына шағым түсірген.
Прокуратураның атап көрсетуінше, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы» қоғамдық бірлестігінің 2004-жылғы 11-желтоқсанда өткен екінші құрылтайында саяси мәлімдеме қабылданып, онда партия қазіргі билікті халыққа қарсы бағытталған заңсыз билік деп танитынын, сол себепті әкімдер мен соттардың шешіміне мойынсұнбайтынын мәлімдеп, қоғамды батыл қадамдарға, бағынбаушылыққа үндеген.