Алматыда Қазақстанның кезекті сән апталығы өтіп жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда Қазақстанның кезекті сән апталығы өтіп жатыр

Алматыда Қазақстанның кезекті сән апталығы өтіп жатыр

Алматыда көріктілері мен бөріктілері тағы да бас қосты. Оңтүстік астанада кезекті мәрте Қазақстан сән апталығы өтіп жатыр. Тіккенін подиумға шығарған дизайнерлер қатарында сырттан да келгендері көп. Бір айта кетерлігі, биыл қазақ атынан сәнді киім көрсетушілер қатарында 5 дизайнердің дебюті де бар.

  • 26 Қазан 2012
  • 833
Фото - Caravan.kz

Сән апталығы-бұл Алматы төрінде осымен 12-ші жыл өткізіліп отырған «фэшн» шара. Әрі бір емес, жылына 2 мәртеден жүргізіледі. Күз бен қыс және көктем мен жаз маусымында қалай киіну керектігін ұсынып. Десе де, ең бастысы-мұны өзгеге көз жүгіртіп, өзін көрсетуге жаны құмарлардың жиналатын жері дерсің. Мәселен, қымбат шүберек десе, ішкен асын жерге қоятын фэшн-продюсер Сәкен солардың бірі.

Сәкен Жақсыбеков, сәнгер:

— Бүгін мен, ең алдымен жылы киіндім. Әрине, сәнді. Шолақ шалбар мен күртешем жапондық дизайнердің киімі. Ал жейдем америкалық сәнгердікі. Бас киім мен лосина өз қолымнан шыққан. Менің жеке брендім.

Сән мерекесіне өзінше сән ала келген тағы бірі сері-Аян Мейрамғазин. Фотограф бұты тесік қызыл шалбар киіп былтыр жұртты таң қалдырса, биыл елде жоқ бас киімді киюді жөн көріпті. Үлесім болсын дегені шығар, мұрны мен құлағын да бос қалдырмапты.

Аян Мейрамғазин, фотограф:

— Нью-Йорктегі бір дүкенге кірген едім. Сол жерде осы бас киімді көрдім. Маған қарап, құдды бір «мені ал» дегендей әсер берді. Содан бағасына қарамастан сатып алдым. Енді, міне, жұртқа көрсетуге шықтым. Сырғаларға келер болсақ, құлағым ғана тесілген. Мұрнымдағыларды жай жапсырып қойғам.

Жігіттер жағы осылайша эпатажды үлгіде киініп келсе, қыздар әдеттегідей қысқа етекті, ұзын өкшелі. Биікпен келген сондай аурудың бірі — әнші Лидо. Бірақ ол биылдан бастап, жай әнші емес, дизайнер әнші. «Women» деп аталатын топтамасымен подиумға тұңғыш тіккенін шығарғалы тұр. 


Лидо, әнші-дизайнер:

— Мақтанғаным емес, бірақ бұл менің ең жақсы көретін көйлегімнің бірі. Баскин трендінде тігілген. Өте нәзік етіп көрсетеді. Топтамамды қыздарға ғана арнап шығардым.

Десе де ұлттық нақышта тігілген киімдер де соңғы трендке ене бастаған. Әсіресе, оюланған сырт киім үлгісі көп мұнда.  Бүгінде отандық сән әлемінде қазақи нақыштағы киімдерге де ден қоюшы дизайнерлер саны артып келеді. Мәселен, «JADO» бастаған топ осындай үлгідегі киімдерді ұсынуда. Ыңғайлы әрі әдемі. Ал сән шымылдығының өзі Саят Досыбаев пен Алексей Чженнің бірлескен топтамасымен ашылды. Қос сәнгерді Леди Гага шабыттандырса керек, модельдердің шашын барынша сәндепті.

Сонымен, отандық дизайнерлер 2013-тің көктемі мен күзін мейлінше ашық түстерге теліпті. Әсіресе, жігіттердің қатқан қара костюмді шешіп, жарқыраған жасыл, қызыл, көкке көңіл бөлгені жөн екен. Ал арулардың таңдауына шектеу жоқ. Фэшн мереке әлі екі күнге жалғаспақ.

Соңғы жаңалықтар