Актерлік жолын 1934 жылы Семей облыстық қазақ драма театрынан бастаған Ш. Мусин бұл театрдың іргетасын қалаушылардың бірі болып тарихта ізін қалдырды. Оның сахнадағы алғашқы рөлі І.Жансүгіровтің «Кек» пьесасындағы Бидахмет рөлі болатын.
1937-46 жылдары Колымада, 1948-54 жылдары Сібірде саяси қуғын-сүргін азабын тартып, елге оралған соң 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Ал 1954-1957 жылдары Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында, одан кейін өмірінің соңына дейін Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында жұмыс жасады. Сонымен қатар қазақ киносының өсіп өркендеуіне сүбелі үлесін қосты. Атап айтқанда: «Бұл Шұғылада болған еді», «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасында», «Шоқан Уәлиханов», «Ұлан», «Қосымша сауалдар», «Жол торабы», «Аманат», «Шешуші айқас», «Даладағы дабыл», «Кек», «Талтүс», «Жаушы», «Құлагер» сияқты көптеген көркем фильмдерге түсті. Дара ойын үлгісімен өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Өзінің адами-азаматтық байламымен өмір сүріп, батыл сөз айтып, қыранның қияғы, тұлпардың тұяғы, ұлтжанды намысшыл ердің өзі болған тағдыр иесі Ш.Мусин — қазақ театры мен киносына ұшан-теңіз еңбек сіңірді.