Кеңестің ашылуында сөз сөйлеген ҚР сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Хамит Рақышевтың айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Елімізде 50-ден астам Түрік компаниялары мен бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеуде. Тек соңғы бір жылда ҚР сауда-өнеркәсіп палатасына Түркиялық компаниялардан өзара ынтымақтастық туралы 103 ұсыныс келіп түскен.
Соған қарамастан, Х.Рақышевтың айтуынша, екі ел арасындағы тауар айналымы жылына 200 млн. доллар көлемінде мардымсыз күйде қалып отыр. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөздерінің бірінде екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд. долларға дейін жеткізу үшін шаралар кешенін әзірлеу туралы тапсырма берген болатын.
Осындай шаралардың бірі ретінде Х.Рақышев Түркия сауда-өнеркәсіп палаталарына үкімет пен мемлекеттік кәсіпорындар тарапынан өткізілетін жобалар мен тендерлер туралы ақпараттарды, сондай-ақ, олардың шарттары туралы мәліметтерді толық беріп отыру жайында меморандумға қол қою дұрыс деп санайды. Нәтижесінде Түркиялық кәсіпкерлер өздеріне қажетті ақпаратпен сол үшін Қазақстанға ат сабылтып келмей-ақ жергілікті жерде танысуға мүмкіндік алар еді.
Қазақстан-Түркия іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысу үшін құрылыс, туризм, сауда-саттық, күнделікті тұтыным тауарлары өндірісі және банк салаларында жұмыс істейтін Түркиялық 35 компанияның өкілдері Алматыға келді.
30-қарашада Түркиялық және Қазақстандық кәсіпкерлердің дербес келіссөздері өткізіледі.