Алматыда Құрбан айт мерекесі қарсаңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады. 

«Қала тұрғындары мен қонақтарына бағасы базар нарқынан 15-20 пайызға арзан және экологиялық жағынан таза азық-түліктер, көкөністер мен жеміс-жидектер ұсынылады», - делінген хабарламада.

Осы мақсатта Алматыға Жамбыл облысынан жалпы сомасы 115 млн. теңгеге 260 тоннаның тауарлары жеткізіледі. Олардың ішінде ет өнімдері - 38 тонна, сүт өнімдері  -  12 тонна, көкөніс-бақша өнімдері - 170 тонна және басқа да өнімдер - 40 тоннаны құрайды.

Жәрмеңке әдеттегідей 23-ші қыркүйек күні таңғы сағат 08:00-де «Астана» алаңында ашылып, сағат 15:00-ге дейін жалғасады.


Осыған байланысты Төле би көшесінің Абылай хан даңғылы мен Панфилов көшесі аралығындағы бөлігінде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылады.