Екі күн бойы өткен премьера қалың көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кетейік, аталған пьесаны Дулат Исабеков осыдан 23 жыл бұрын жазған. Оған дейін бірнеше театрларда сахналанды. Олардың ішінде сәтсізіде болды. Петербордың муыкалық комедия театры осы шығарманы 2012 жылы Алматыда өткен «Исабеков әлемі» фестиваліне әкеліп көрсеткен болатын.
Автор премьераны тамашалаған соң ол спектакльдің өмірінің жалғасуына үзілді-кесілді қарсы шыққан.
«Менің орнымда басқа біреу болса, «әй Петербор театры ғой, әйтеуір аты аталып жүре берсінші» дер еді. Ал мен өйте алмадым. Театр басшылығынан осыдан кейін спектакльді көрсетпеуін өтіндім. Ал бүгін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы бұл жүкті көтеріп алып шықты. Сіздерді шын жүректен қол соқтыру үшін театр ұжымы қанша тер төкті. Ораза тұсында аштан аш күніне үш рет дайындық жасады», — деді Дулат Исабеков.
Спектакль адамзат пен қоғам пайда болғаннан бері кеңінен орын алған теңсіздік, әлділердің әлжуаздарды билеп-төстеуі, соның нәтижесінде туындайтын пендешіліктің адами қасиеттермен тартысы жайлы болды.
Режиссер Сафуан Шаймерденовтың айтуынша, аталған комедия жасөспірімдерге арналғанмен, ересектерге де түрлі ой салады. Өйткені, режиссер құстардың арасындағы ән байқауы арқылы дәл бүгінгі шығармашылық қоғамның тамырын дөп басып көрсеткен.
Қойылымда адамдардың арасындағы бұлбұл сынды «нағыз таланттардың» көлеңкеде қалып қоятындығы баяндалған. Байқауға қатысқан көкектің МС Сайлаубектің шалдыр-шатпағын орындауының өзі үлкен тапқырлық болды. Бұл да ән өнеріндегі «рэп» сияқты жеңіл-желпі құбылыстың белең алып бара жатқандығын көрсетті.
«Автордың өз белгілеуі бойынша жанры айтылмаған. Балалар мен жасөспірімдерге, қуыршақ театрына арналған ертегі деп айтылады. 23 жыл бұрын жазылған. Менің ойымша, автор 23 жыл бұрын іштей қынжылыс білдіріп, қоғамдағы әділетсіздікке көңілі толмаған кезінде жазған. Құстар туралы болғанымен, адамдардың арасындағы алауыздықты, жемқорлықты көрсетеді. Ересектерге арналған тақырып ретінде, комедия-фарс ретінде алдық», — деді С.Шаймерденов.
