Алматыда Қырым татарлары диаспорасы депортация құрбандарын еске алды - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда Қырым татарлары диаспорасы депортация құрбандарын еске алды

Алматыда Қырым татарлары диаспорасы депортация құрбандарын еске алды

Бүгін Алматыда Қырым татарларының "Ватандаш" мәдени орталығында 1944 жылы совет диктаторы Иосиф Сталиннің бұйрығы бойынша жүргізілген депортация құрбандарын еске алды. Түске таман орталықта "Ватандаш" жастары Қырым татарларының жергілікті диаспорасының ақсақалдарымен кездесті. Депортация құрбандарын еске алу шарасы құран бағыштаудан басталды.

  • 18 Мамыр 2017
  • 422
Фото - Caravan.kz

13 жасында депортацияға ұшыраған Якуб Эминов жиналғандарға Қырым татарларын қалай жер аударғаны және жаңадан қоныстанған жердегі өмірі туралы айтып берді. Сейтвели Ганиев орталықта депортация тақырыбына арналған суреттерін көрсетті. Левиза Хамидуллина осы тақыраыптағы өлеңдерін оқыды.

Еске алу шарасында сөйлегендер, оның ішінде мәдени орталықтың төрағасы Сеит Бабалиев пен оның орынбасары Васпие Алиярова Қырым татарларының депортациясы туралы ғана айтып, Ресей 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейінгі ондағы татарлардың жағдайы туралы сөз қозғамады. Орталықтың жастар қанатының белсендісі Лилия Алимова Азаттық тілшісімен әңгімесінде "Ватандашта" өтіп жатқан шараның саясиланбағанын қалайтынын айтты.

Азаттықтың Орыс редакциясы бүгін Ресей билігі Қырымда депортация құрбандарын еске алу акцияларын өткізуге тыйым салғанын хабарлаған. Украинада бұл күні Қырым татарлары депортациясының құрбандарын еске алады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Ресейді Қырым татарларын қудалау саясатын жүргізіп отыр деп қатаң сынайды. Түбек аннексияланған соң
Қырым татарларын тұтқындап
, жоғалған және қаза тапқан оқиғалар болған. Ал Қырым татарларының өзін-өзі басқару органы — меджлисті Ресей билігі экстремистік ұйым деп танып, тыйым салған.

1944 жылы 18 мамырда Қырым түбегінен Орталық Азияға Қырым татарларының алғашқы легі жөнелтілді. Үш күнде Қырымнан Орталық Азия елдері мен Сібірге 180 мыңнан астам адам күштеп қоныстандырылды. Олардың 30 мыңнан астамы алғашқы жылы аштық пен суықтан құрбан болды. Украинада жыл сайын депортация құрбандарын еске алады. Ресей билігі 2014 жылы Қырымды аннексиялап алған соң Қырым татарларының белсенділеріне бұл күні көпшілік шаралар ұйымдастыруға тыйым салған.

"Ватандаш" орталығының мәліметінше, Қазақстанда қазір бір жарым мыңға тарта Қырым татарлары тұрады.

Соңғы жаңалықтар