Ұйымдастырушылар — Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Конфуций институты.
«Қытай халқы үшін Жаңа жыл ең сүйікті мереке. Әсіресе, жаңажылдық қытай ксилографиясы техникасымен орындалатын гравюралар біздің қанымызға әбден сіңіп қалған. Біз осы өнер түрі арқылы жан-дүниемізді білдіреміз. Жаңа жылға арналған (қытайша — Ньюнхуа) қытай гравюраларының көркем өнер саласында ежелден қалыптасқан өзіндік тарихы бар. Ол гравюраларда халықтың ұмтылыстары мен үміттері, тарихы, қала мен ауылдың өмірі бейнеленген. Аталған безендірулер халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, сонымен қатар Жаңа жыл — жаңа жетістіктер мен арман-тілектердің орындалар кезі деген ұғымға сендіргісі келеді. Гравюраларда тарихи сюжеттер, қытай халқының ертегілері мен аңыздары, ондағы кейіпкерлер бейнеленеді. Онымен қоса, қарапайым халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен күйбең әрекеттері де қалыс қалмайды. Осы туындылар арқылы Қытай елінің ежелден келе жатқан тарихы, оның жан-дүниесі, жалпы қытайлықтар жайлы мол ақпарат аласыздар деген сенімдемін», — дейді Алматыдағы ҚХР Бас консулдігінің Мәдениет және білім жөніндегі консулы Цуй Инлань.
Көрмеге мәдениет саласын жандарына жақын тартатын азаматтар, ЖОО-ғы көркем сурет факультеті студенттері мен мұғалімдері қатысты.
Көрмеге 100-ден астам таңдамалы гравюралар қойылды. Сондай-ақ, оны орындау барысында пайдаланылған құралдар да көрме төрінен орын алды.
Көрме 2 наурызға дейін жалғасады.