Режисер осыдан бір күн бұрын аталмыш фильмнің тұсаукесер рәсімі Мәскеу қаласында өткізгендігін айта келе, қазақстандық көрермендерге де кино туындысын ұсынғанды жөн көргендігін жеткізді. «Қазақстандықтардың бұл фильмді қалай қабылдайтындығы мен үшін өте маңызды. Өйткені, бұл елде де бірнеше фильм түсіріп жатырмыз. Бұл фильмді түсіруге үш жылға жуық уақыт кетіп, оның бюджетіне экономикалық дағдарыстар да әсер етті», дейді Е.Кончаловский.
Фильмнің толық нұсқасында 18 новелла болып, прокаттық компаниялар көрерменнің қарауына жеңілірек болу үшін фильмді 15-ке дейін қысқартқан.
Әр новелланы әртүрлі режисерлер түсіріп, 18 түсіру тобы жұмыс істеген. Олардың қатарында Федор Бондарчук, Дмитрий Дюжев, Евгений Миронов, Максим Суханов, Евгения Добровольская, Иван Охлобыстин, Мария Миронова, Наталья Фатеева, Альберт Филозов сынды танымал актерлер болған.
Аталмыш фильмде Мәскеу қаласы тұрғындарының өміріндегі маңызды оқиғалар көрсетілген.