Шымкент қаласындағы музыкалық училищені үрлемелі аспаптар оркестрінің жетекшісі мамандығы бойынша бітірген ол 1980 жылдардан бастап ән жаза бастады. Оның «Бір күні», «Сен мұңайма» деген әндері Мақпал Жүнісованың, «Туған ел», «Менің әнім», «Мен сондаймын» әндері Роза Рымбаеваның репертуарынан берік орын алған.
Д. Сыздықовтың 1997 жылы М.Сақатовтың өлеңіне жазылған «Жастық жігер» атты әні Қазақстан жастар одағының әнұраны болып қабылданды. Ал 2011 жылығ 7-қысқы Азия ойындарының әнұранына ұсынылған «Азияда алауы» әні үздік ондықтың қатарына енді. Дүйсенхан сондай-ақ «Дүкенбай жолы», «Философ Нысанбаев», «Мұнай тамшысындағы тағдыр», «Қазағымның Қаһарманы Бауыржан» атты деректі фильмдердің музыкасын жазған сазгер. Оның бұл кешіне Мақпал мен Розадан басқа Тұңғышбай Жаманқұлов, Майра Ілиясова, Жеңіс Ысқақова, Өмірқұл Айниязов сияқты көптеген өнер жұлдыздары қатысуда.