Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы fnn.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Көрме «Кілем өнерінің жаңаруы мен жаңғыруы» жобасының бір бөлігі болды, оны жүзеге асыру үшін автор Нұрсұлтан Назарбаев Қорының грантын алды. Экспозицияға тафтинг әдісімен тоқылған 10-нан астам туынды ұсынылған. Бұл иірілген жіпті мата негізіне толтыру арқылы кілем тоқу әдісі.
Тафтинг әдісімен кілем тоқу өнері Бауыржан Досжановтың шығармашылық ізденістерінің кезекті шыңына айналды. Суретшінің көрмеде ұсынған туындылары пішіндік бірізділікке бағытталған. Үшбұрыштық проекциялау, әлемнің өзгеруі бейнелеу өнерінде ежелден келе жатқан символдық маңызы бар ұғымдардың бірі. Үшбұрыш ол ғалам, уақыт пен кеңістік, сонымен қатар сана, қозғалыс және пішін.
Суретші Бауыржан Тәтібекұлының шығармаларындағы таулар көбінесе ғарыштық құрылымның барлық негізгі элементі мен параметрін көрсететін әлемнің бейнесі, ғаламның үлгісі ретінде қабылданады. Жайлау, көшпенді халық, киіз үй, жер, су, көк туындылардың басты көріністері бола отырып, біздің түпкі дәстүрлі мифтік санамыздағы ежелгі ұғымдарға жетелейді.
Суретші әрбір элементтің төркінін таразылай, олардың мифтік мәніне тереңдей отырып композиция құрады. Әр элементте айрықша әлеммен байланыс күші сезіледі. Микро және макро әлем байланыстарын жасауда суретші түс пен пішін және сызықты жолақтарды қолданады.
Айта кетейік, Бауыржан Досжанов елімізде өткен көптеген байқау мен фестивальдің жеңімпазы және лауреаты. Халықаралық дәрежедегі және Қазақстан аумағында ұйымдастырылған көптеген көрмеге қатысқан.