Алматыда студенттер театры кезекті қойылымын ұсынды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда студенттер театры кезекті қойылымын ұсынды

Алматыда студенттер театры кезекті қойылымын ұсынды

Алматыдағы Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Біз» студенттер театрының кезекті «Ол көктем оралмайды» атты қойылымы болды. Қойылым режиссері - Ғалымжан Сайлаубеков, сценарий авторы - «Біз» студенттер театры ұжымы.

  • 19 Қараша 2010
  • 652
Фото - Caravan.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәлімгерлерінен құралған «Біз» студенттер театры өз жұмысын 2006 жылы бастаған болатын. 2006 жылдың сәуір айында көрермендерін «Адаспаңдар» атты тырнақалды туындысымен қуантқан өнер ұжымы әр жылда түрлі тақырыптағы қойылымдарын ұсынумен келеді. Айта кетерлік бір жәйт, театр репертуарындағы «Адаспаңдар», «Той», «Бағдаршам» және басқа да сценарийлердің барлығы студенттердің өз шығармашылығы болып табылады.

«Біздің барлық қойылымдарымыздың мәні жастарды имандылыққа, адалдыққа, тазалыққа тәрбиелеуге бағытталған. Біз өз туындыларымызды сахналау арқылы қатарлас студент жастарымызды осындай игі қасиеттерге баулығымыз келеді. Құрамы жыл сайын жаңарып, жаңа студенттермен толығып отыратын «Біз» театрының ғұмыры да ұзақ боларына сенемін», дейді театр мүшесі, филология факультетінің 4 курс студенті Ардақ Құлтаев.

Студенттер театрының барлық туындылары өмір шындығына сай құрылған. Адам тағдырында кездесетін сан қилы өмір жолы, түрлі қиыншылықтар мен жастық жалын, махаббат және басқа да тақырыптардың барлығы театр сахнасының негізгі айшықтары. Театр, сонымен бірге, нашақорлық, маскүнемдік, алаяқтық сияқты қоғамның өзекті мәселелерін де қозғай отырып, жастарды одан қашық болуға шақырады.

«Жалпы, театрдың «Біз» деп аталуының өзі біз — жастар, арамыздағы айықпас кеселдерден өзіміз аулақ болуға тырысамыз, онымен бірге күресеміз деген идеядан туған. Сондықтан, студенттер барлық сценарийлерін өздері жазып, өздері сахналайды. Қазіргі таңда театр ұжымы университет қабырғасында үлкен беделге ие. Алдағы уақыттарда да осындай қойылымдарымызбен көрермендерімізді қуанта бермекпіз», деді театр режисері Ғ. Сайлаубеков.

Cтуденттік өнер ұжымы енді желтоқсан айында «Фетус» («Шақырылмаған қонақ») атты қойылымын сахналағалы отыр.