Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Құтқарушылар теңіз деңгейінен шамамен 3700 метр биіктікте орналасқан «Локомотив» шыңы маңынан екі адамның мәйітін тапты. Бұған дейін осы топқа тиесілі тағы бір адамның қаза тапқаны анықталған еді. Осылайша, оқиға салдарынан үш адам көз жұмды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, хабар түскен сәттен бастап «Мыңжылқы» бөгеті ауданында жедел штаб құрылып, іздестіру жұмыстарына Алматы қаласы ТЖД бөлімшелері, құтқару қызметтері, полиция, Альпинизм федерациясы мен еріктілер жұмылдырылған. Сондай-ақ операцияға ТЖМ-нің «Қазәуеқұтқару» тікұшағы тартылды.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына шамамен 80 адам, 12 техника бірлігі, 4 кинологиялық есептоп және 4 ұшқышсыз ұшу аппараты қатысты. Жұмыстар биік таулы, күрделі жағдайда жүргізіліп, төмен температура, сирек ауа, көшкін қаупі мен қиын жер бедері іздеу барысын едәуір қиындатқан.
Құтқарушылар дрондар, металл іздегіштер, іздеу зондтары мен арнайы құралдарды қолданған. Қолайсыз ауа райына байланысты марқұмдардың денелері жаяу тәртіппен «Медеу» құтқару бекетіне жеткізіліп, кейін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, қаза болғандардың туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
ТЖМ таулы аймақтарға шығу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып, ауа райы мен көшкін жағдайын алдын ала тексеруге, тауға жалғыз шықпауға және байланыс құралдарын өзімен бірге алып жүруге кеңес береді. Белгіленген уақытта адам оралмаса немесе байланысқа шықпаса, 112 нөміріне дереу хабарласу қажет.