Оның ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, Ауған соғысының ардагерлері, ақын-жазушылар, жоғары оқу орындарының студенттері, БАҚ өкілдері және оқырмандар қатысты.
«Тәуелсіздікке арналған игі шараларды — тәуелсіз сана қалыптастырған бүгінгі ұрпақтың, еркін елдің еркіне ен салдырмаған батыр Баукеңнің ұрпағының өз тәуелсіздігіне деген шынайы көзқарасы деп бағалауға болады. Бүгінгі таңда сан түрлі ұлттың өкілдерімен бірге уыздай ұйып, ынтымағымыз жарасып, алға қарыштап қадам басып келеміз. Қазір күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл сын сағаттарда біліммен сусындаған, иманмен нұрланған, еңбекпен шыңдалған азаматтар ғана ел тәуелсіздігінің нығаюына, болашаққа қадам басуына қомақты үлес қоса алады. Сондықтан, бұл кітап көрмесінің алар орны ерекше. Оқырмандар одан тәуелсіздік жылдарында шыққан маңызды кітаптарды оқып, білімін шыңдай алады», — деді өз сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ауған соғысының ардагері, ақын Бақытбек Смағұл.
Ол өзінің «От пен Отан» деп аталатын өлеңдер жинағын және Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы мен Ауған соғысының ардагері, атақты «Қара майор» Борис Керімбаев туралы жазылған кітапты ұлттық кітапханаға сыйға тартты.
Көрменің ашылу рәсімінен кейін, жиналған қауым кітап көрмесін аралады. 13 бөлімнен тұратын көрмеге Ұлттық кітапхана қорынан ел дамуының негізгі кезеңдерін баяндайтын қазақ, орыс және шетел тілдеріндегі 3000-нан астам басылым қойылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрме арқылы тәуелсіздік тарихы мен осы кезеңдегі әдебиет пен өнер, білім мен мәдениет, ғылым және экономика салаларындағы жетістіктер көрініс тапқан әдебиеттерді кеңінен насихаттау көзделген.
Бұдан кейін жиналған қауым Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі мен Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы ұйымдастырған «Тәуелсіздік — ұлт рухы» атты республикалық ғылыми конференцияға қатысты. Конференцияны өткізудегі мақсат — тәуелсіздік тұғырының биіктігін жас ұрпақ бойына сіңіру және оларды отансүйгіштікке, еңбексүйгіштік тәрбиелеу мәселелерін талқылау, сондай-ақ, жастарды бабалар аңсаған тәуелсіздік құндылықтарын қастерлеуге үндеу.
Айта кетелік, кітап көрмесі келесі жылдың қаңтар айына дейін жұмыс істейді.


