Алматыда тілі шықпаған ұлды ұрған балабақша тәрбиешісі камераға түсіп қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда тілі шықпаған ұлды ұрған балабақша тәрбиешісі камераға түсіп қалды

Алматыда тілі шықпаған ұлды ұрған балабақша тәрбиешісі камераға түсіп қалды

Тілі шықпаған бала таяқ жеген! Алматылық келіншек бір жастан енді асқан сәбиін сабаған тәрбиешілерді жауапқа тартқыза алмай жүр. Ақкенже Ғұмарованың айтынша, балабақшаға он екі мүшесі сау тапсырылған бөбегі үйіне көгала қойдай боп оралыпты. Сөйтсе, жекеменшік балабақшада жәбір көрген Ақкенженің ғана ұлы емес екен.

  • 30 Қазан 2015
  • 449
Фото - Caravan.kz

Ақкенже ұлын екі күннен бері жұбата алмай жүр. Денесіне сәл тиіп кетсе болғаны, сәбиі шырылдайды. Өйткені жұдырық тиген арқасын ауырсынады.       

Ақкенже Ғұмарова, Алматы қаласының тұрғыны:

-Баланы балабақшаға апарып жүрсек, бұл қорлық көріп жүр екен! Мынау не деген сұмдық?! Мынау не деген бәле мынау?! Қалай ұруға болады бұл баланы? Бұл бала не жазды?!

Өзін қоярға жер таппаған ана баланы бірден тексерткен. Тілі әлі шықпаған сәбидің таяқ жегенін дәрігерлер де растады. Ал «саусағымыз да тиген жоқ» деп ант-су ішкен тәрбиешілер өзі құлап кеткен деп жайбарақат отыр.           

Гаухар Батырханова, балабақша меңгерушісі:

-Бала баспалдақтан құлаған екен. Содан баланың үстінде көгерген пайда болған.Оны байқамаған ғой! Бала қатты жыламаған… Жылағанына мән бермеген тәрбиеші .

-Сонда ол қандай тәрбиеші мән бермесе баланың сатыдан құлап жатқанына?

-Енді ол біздің кінәміз. Ол рас.

Бірақ анасы бала баспалдақтан құлады дегенге сенген жоқ. Сөйтсе, күдігі бекер емес екен. Бақылау камерасына түсіп қалған мына кадрлерде басқа бүлдіршіндерге де көресіні көрсетіп жатыр. Олар тіпті баланы жұбатудың орнына одан сайын ұра берген.           

-Мен көрдім бір тәрбиеші Индира деген аты. Жұлқып-жұлқып жіберген кәдімгідей, аузынан ұрған. Салфетканы аузына тыққан.

Тәрбиешінің бала аузына майлықты тықпалап жатқаны да таспаға түсіп қалған. Бірақ бұл жағдайларды ешкім мойындар емес.

Жансая Орынбекова, тәрбиеші:

-Жыламай-ақ жүрген ғой ол? Арқасы ауырса жылайтын еді ғой? Шымшыған да жоқпын, артына тиіскен де жоқпын!

 «Алтын ұя» деген бұл жекеменшік балабақша небәрі екі ай бұрын ашылған екен. Екі қабатты коттедждің іші толы бүлдіршін болса да, мекеме меңгерушісі бірде бір құжатын көрсете алмады. 

Қазір ғана өзіміз куә болғандай, балабақшадағы отыз шақты балаға небәрі үш тәрбиеші қыз ғана қарап отыр. Оның өзі жиырмадан жастары енді асқан студент қыздар. Біреудің үйін жалға алып, балабақша ашқан кәсіпкер оларды ғаламтор арқылы жұмысқа алыпты. Мұны естіп, жағасын ұстаған ата-ана енді мемлекеттік балабақшаға кезегі келмейінше ұлын үйде тәрбиелеуге бел буған.

Соңғы жаңалықтар