Алматыда «Түбі бір түркіміз» фестивалі өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 512.81
  • 604.19
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
25 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда «Түбі бір түркіміз» фестивалі өтті

Алматыда «Түбі бір түркіміз» фестивалі өтті

Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық университетінде «ІІ Халықаралық түркі әлемі зерттеулері» симпозиумы аясында «Түбі бір түркіміз» фестивалі өтті.

  • 22 Мамыр 2015
  • 693
Фото - Caravan.kz

Мәдени шара Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Осымен сегізінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі фестивальдің өткізілу мақсаты — түркітану және тіл тарихы курсы бойынша оқитын студенттердің университет қабырғасында алған білімдерін этномәдени тұрғыда қауымға таныстыру, түркі халықтарының тілін, тарихын, рухани құндылықтарын, жазба дәстүрін, әдет-ғұрыптары мен дүниетанымын дұрыс түсініп, қадірлеп, құрметтей білуге үйрету болып табылады.

Фестиваль Қыздар университеті студенттері мен оқытушыларынан құралған ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы «Шаттық отаны» күйімен және мыңдаған шақырым жер басып келген Түрік елі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен ашылды.

«Танысайық сіз бен біз», «Ата салтым — асыл қазынам» атты екі бөлімнен тұрған фестивальдің бірінші бөлімінде түрік, қырғыз, өзбек, башқұрт, әзірбайжан сынды түркі халықтарының ұлттық ән, билері орындалса, екінші бөлімде түркі әлеміндегі әр жұрттың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі көрсетілді. Атап айтқанда, түркі жұртына ортақ «Шілдехана, бесік той», «Наурыз», «Бастаңғы», «Сабантой», «Сүндет той», «Қына геджесі», «Келін түсіру, беташар тойы» қойылымдары сахналанды.

Фестиваль барысында сонымен қатар, «Халықтар достығы» биі, Түркі әлемі жастарының «Ұлы дала ұланымыз» әнұраны орындалды.

«Қыздар университетінің студенттері оқу орнында ағылшын тілімен қатар, корей, қытай, француз, парсы, араб, түркі тілдерін оқиды. Бір сөзбен айтқанда, филолог қыздарымыз өз мамандықтарының қыр-сырымен қатар, түбі бір түркі жұртының барлық тілдерін біліп шығады. Ал, бүгінгі шараға келетін болсақ, биылғы фестиваль Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай өткізілді. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан, дәстүрге айналған шара бүгінгі ұрпаққа түбі бір түркі жұртының мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, тілін насихаттай отыра бірлікке шақыру, ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, бауырластықты одан әрі нығайту мақсатында өткізіліп келеді», деді аталмыш шара ұйымдастырушыларының бірі, қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, профессор Тыныштық Ермекова.


Үздік өнер көрсеткендер білім ордасының, Нийде университетінің және Түркі халықтары мәдени қорының арнайы бағалы сыйлықтарымен, мақтау қағаздарымен марапатталды.

Айта кетейік, мамырдың 20-сы күні басталған симпозиум жұмысына ТМД елдері мен Түркия, АҚШ, Қытай, Корея, Нидерланды, Сербия сынды әлемнің 20-ға жуық мемлекеті мен Қазақстанның барлық аймағынан 500-ден астам түркітану ғылымымен айналысатын ғалымдар қатысты. 

2 3

Перейти к новостям спорта