Алматыда тұрғындар әкімдік алдына жиналып, жерлерін талап етті - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда тұрғындар әкімдік алдына жиналып, жерлерін талап етті

Алматыда тұрғындар әкімдік алдына жиналып, жерлерін талап етті

Бүгін Алматы қаласы Наурызбай ауданы Шұғыла ықшамауданының бір топ тұрғыны Алматы қалалық әкімдік алдына жиналып, өздеріне тиесілі жерге меншік құқығын қалпына келтіруді талап етті.

  • 25 Қараша 2016
  • 844
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

Тұрғындардың айтуынша, «Алматы әкімдігіне барады» деген сөз шыққалы құқық қорғау органдары түрлі қысым жасауға талпынғаны байқалған. Кеше түнде келіп, "әкімдікке бармаңдар" деп қорқытқысы келген адамдар болған, ал бүгін таңертен осы жиынға арнайы автобуспен келе жатқан отызға жуық адамды "полиция жолдан кері қайтарғанын" айтады.

Шұғыла тұрғындарының сөзінше, бұрын Алматы облысы Қарасай ауданына қараған Шұғыла ауылы 2014 жылы Алматы қаласының аумағына қосылғалы жер дауы өршіп кеткен. Тұрғындардың көпшілігі бұрын Қарасай ауданы әкімдігі шығарған шешім негізінде өздеріне белгіленген учаскелерге үй салып алған, бірақ ресми құжат — мемлекеттік акт алып үлгермеген. Ал Шұғыла ауылының аумағы Алматы қаласына қосылған кезде әлдебір компаниялардың меншігіне өтіп кеткені, одан Алматы қаласының әкімдігі «мемлекет қажеттілігі үшін» алғаны белгілі болған.

Азаттық тілшісімен сөйлескен тұрғындар жер дауы бойынша сот ісі бірнеше жылға жалғасқанын, биыл 26 қазанда Наурызбай аудандық соты Шұғыла тұрғындарының шағымын қанағаттандырғанын айтады. Олардың сөзінше, сот шешімі ертең, яғни 26 қарашадан бастап күшіне енеді.


Шұғыла ауылының бір топ тұрғыны Алматы әкімі Бауыржан Байбек шығып, мәселенің мән-жайын түсіндіреді деп күтті. Бірақ әкім де, орынбасары да «жұмыс орындарында жоқтығына» байланысты бірнеше тұрғынды Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов қабылдады. Сот шешімі күшіне енгенге дейін күте тұруды айтқан ол басқа мағлұмат беруден бас тартты.

Алматы қаласында жаңадан ашылған Наурызбай ауданы Шұғыла ықшамауданының тұрғындары бұрын да жер, үй дауына байланысты наразылық білдірген.