Алматыда үйлері өртенген халыққа әкімдік көмек көрсетуден бас тартты - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
24 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда үйлері өртенген халыққа әкімдік көмек көрсетуден  бас тартты

Алматыда үйлері өртенген халыққа әкімдік көмек көрсетуден бас тартты

Алматыда 5 қабатты тұрғын үйдің шатыры жанып кетті. Түнге жақын тұтанған өрттің салдарынан 200-ге тарта адамды шұғыл шығаруға тура келген. Десе де әп-сәтте күш алған жалын мың шаршы метр аумаққа таралып үлгеріпті. Оның үстіне бүгінгі төпелеп жауған жаңбыр «жығылғанға жұдырық» болып тұр. Ашық-шашық төбеден сорғалаған су пәтерлерге өтіп кеткен.

  • 16 Сәуiр 2015
  • 273
Фото - Caravan.kz

5 қабатты тұрғын үйдің шатырына тілсіз жау түнге жақын ауыз салыпты. Жатуға жайғасқан жұрт кенеттен тұтанған өрттің кесірінен далаға қашып шыққан. Ал құтқарушылар келгенше жалын шатырды түгел шарпып үлгеріпті.

Мәрия Күмісбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

-Қатты қорқып, абдырап қалдық. Үйдің төбесі толықтай жанып кетті. Бірақ Құдай сақтап, пәтерлер мен тұрғындар аман қалды.

-Тұрғындарды тентіреткен тілсіз жау шатырдан түк қойған жоқ. Мұнда қазір өрттен майысып қалған қаңылтырлар ғана жатыр. Ал кешеден бері толассыз жауған жаңбыр тіптен жығылғынға жұдырық болды. Өйткені мұнда жиналған су төменге қарай сорғалап жатыр.

Өрттен кейін туыстарының үйіне қонған жұрт бүгін таң ата қайтып келіп, баспаналарын қалпына келтіріп жатыр. Бірі осылай, төбеден сорғалаған сумен алысып әлек, енді бірі бүлінген заттарын түгендеп жүр.

Меркебай Базылбеков, Алматы қаласының тұрғыны:

-Түс қағаздардың бәрін қараңыз әне. Су ағып жатыр. Ыдыстарды қойып қойдық. Жиһаздың бәрі су. Бұл шығынның бәрін кім өтейді?

Жоғарғы қабаттағы пәтерлердің бәрінде осындай жағдай. Сорғалаған су әбден әбігерге салуда. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. Жұрт тек осылай ыдыстарды қойып, көмек күтіп отыр. Ал атқамінерлер өрт қалдықтарын тазалап беруден басқа көмек көрсете алмаймыз деп ашығын айтты.


Ермек Тілегенов, Медеу аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

-Кім жөндейді?

-Ондайға біз қарамаймыз. Қояйық.

-Жауапты емессіздер ме?

-Жоқ.

Енді үйді тұрғындардың өздері жөндеп алуы керек. Сондай-ақ, жұрт жұмысына салғырт қараған пәтер иелері кооперативін сотқа бермекші. Өйткені өрт қалай болса солай орнатылған электр сымдарының тұйықталуынан болуы мүмкін. Оның үстіне бұл үйдің шатыры 40 жыл жөндеу көрмепті.