Алматыда ұл-қызы тастап кеткен атақты физик қаңғыбастармен бірге тұрып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда ұл-қызы тастап кеткен атақты физик қаңғыбастармен бірге тұрып жатыр

Алматыда ұл-қызы тастап кеткен атақты физик қаңғыбастармен бірге тұрып жатыр

Кешегі ғалым бүгінгі қаңғыбас! Еліміздегі физика ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қария аянышты күйге түскен. 60-қа жуық ғылыми еңбек жазып, талай жасқа тәлім берген Сапарбай Арынов қазір Алматыдағы қаңғыбастар мекенінде тұрып жатыр. Зиялы адамды ұл-қызы жалғыз тастап кеткен. Жығылғанға жұдырық болып, биыл оны бір топ жігіт ұрып-соғып, тонап кетіпті. Сөйтіп, әлеуметтік бейімдеу орталығына келуден басқа амалы қалмағанын айтады.

  • 29 Желтоқсан 2017
  • 250
Фото - Caravan.kz

Алматыдағы белгілі тұрағы жоқтарға арналған бейімдеу орталығы. Түрлі тағдырлар тоғысқан жер. Дәл осы жерде 2 айдан бері физика-математика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Арынов та тұрып жатыр, деп хабарлайды КТК.

72-ге келген қария өзге қаңғыбастардан ерек. Үсті-басы мұнтаздай таза. Әрі қолы қалт етсе кітапқа үңілетінін байқадық. Сөйтсек, білдей ғалымды ұл-қызы бірнеше жыл бұрын жалғыз қалдырыпты. Содан бері зиялы қауым өкілі пәтер жалдап, өз күнін көрген. Ал, биыл бір топ жігіттің шабуылына тап болып, қаңғыбастар мекеніне келуге мәжбүр болғанын айтады.

Сапарбай Арынов, физика-математика ғылымдарының кандидаты:

— 5 бала екен. Сол жабылып, әмиянда алып кетті. Оның ішінде ақша, құжаттарым  бар еді.

Мұнда оған тиісті ем-дом жасалған. Қазір денсаулығы қалпына келгендей. Қария кезінде ядролық физика институтында жемісті еңбек етіпті.

Тіпті, зертхана меңгерушісі қызметіне дейін көтерілген. 60-қа тарта ғылыми еңбегі бар. Мектеп оқушылары мен студенттерге сабақ та берген. Өткен өмірін сағынышпен еске алған ғалым қазір де қарап жатқан жоқ.

Сапарбай Арынов, физика-математика ғылымдарының кандидаты:

— Ескі кітаптарды жақсы көремін, олардың құндылығы артық. Солардан теріп-теріп, өзім бір қазақшаға аударып жатырмын.  Біраз уақытты босқа жіберіп алғаныма өкінемін. 6 жылдай жоғалтып алдым мен. Ал, басқа уақытта жұмысқа беріліп істедім.

Сапарбай Арыновтың еліміздегі физика ғылымының дамуына зор үлес қосқанын бұрынғы әріптестері де растады. Әрі онсызда физиктер азда оның қаңғыбастар мекенінде тұрып жатқанына алаңдаулы.


Насыролла Бүртебаев, Ядролық физика институты бас директорының орынбасары:

— Кеңес одағындағы белгілі физиктердің қатарына кіретін. Сондықтан уақытында біздің институтта істегенде ол қомақты үлес қосты деп айта аламын.

Қаңғыбасқа айналған физик қазір авторлық кітабын жазып жатыр. Десе де, мұнда ғылыммен айналысу үшін қолайлы жағдай жоқ. Сондықтан, өзі қарттар үйіне ауысқысы келеді. Бірақ, ол әзірге мүмкін болмай тұр.

Қазбек Жылқыбеков, Алматы қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығы директорының орынбасары:

— Қарттар үйіне барғысы келеді. Ал, қарттар үйіне бару үшін оның балалары заң түрінде бас тартуы керек. Қарамаймыз, бақпаймыз деуі тиіс. Сол кезде ғана біз оны қарттар үйіне тапсыра аламыз.

Десе де, қарияның 2 баласы ұшты-күйлі жоқ. Әкесін іздеп бірде-бір рет келмеген. Ал, ғалымның өзі мұның бәрін сынақ деп есептейді. Келер жылы қайта ғылым әлеміне оралып, жастарға дәріс беруді де жоспарлап отыр. Айта кетсек, әлеуметтік бейімдеу орталығы 180 орынға арналған. Ал, қазір мекемеде 185 адам тұрып жатыр. Қыс кезінде мұнда үйсіз-күйсіздер қаптайды. Сондықтан, қызметкерлер Сапарбай Арыновтың бала-шағасы «асқар тауын» тезірек іздеп келсе дейді.