ҚР Волейбол федерациясының Бас хатшысы Ермек Сырлыбаевтың айтуынша, оған 8 команда қатыспақ. Олар: Лондондоғы ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері болған Жапония, Олимпиаданың жартылай финалында өнер көрсеткен Оңтүстік Корея, Азия ойындарының чемпионы Қытай, Әлемдік Гран-При кезеңдерінде төртінші орын алған Таиланд пен қытайлық Тайпей, Вьенам, Иран және Қазақстан құрамалары.
«Алтыншы қыркүйек жарысқа қатысатын ұлттық құрама команданың 12 ойыншысының тізімі белгілі болады. Жақсы спортшылардың бәрі жиналды. Бүгін олардың қатарына Түркияда өнер көрсететін украиналық легионер Олеся Собронова қосылды. Өкінішке қарай, жарақатына байланысты өзіміздің белгілі либерамыз Елена Эзау қатыса алмайды. Негізі командамыз жаман емес. Бұл турнирге жақсы дайындық жасалды деп ойлаймын. 2013 жылы өтетін Әлемдік Гран-Приге Алматыдағы іріктеу турнирінен жолдама алатын төрттіктің қатарына енуді алдымызға басты мақсат етіп қойып отырмыз», — дейді Е.Сырлыбаев. Оның сөзіне қарағанда, «А» тобында Корея, Тайпей, Таиланд құрамаларымен бақ сынайтын қазақстандықтар төрттіктің қатарына ену үшін 2 кездеуде жеңіске жетуі тиіс. Бұл қиынға түсуі мүмкін. Ал «В» тобында Қытай, Жапония, Вьетнам және Иран командалары сынға түспек. Ұлттық құраманың Бас бапкері Александр Гутор: «Оқу-жаттығу жиынын Хорватия елінде бастап, одан кейін Алматы мен Бурабайда пысықтадық. Одан кейін Вьетнам мен Қытай елдерінде одан ары жалғастырып алты-алтыдан бақылау ойындарын өткіздік. Бәрі ойдағыдай жүріп жатыр. Жалғыз мәселе ойыншылардың ескі сырқаттарының сыр беруі болып отыр», — деді.