Биыл 70 жасқа толған өнер шеберінің мерейтойлық шаралары сәуірдің 28-і Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында басталған болатын. Төрт жасынан бастап ән шырқаған Зәуреш Есбергенқызы республикалық эстрада студиясының әншілік және Құрманғазы атындағы консерваторияның режиссура факультеттерiн бітірді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлi Жәнiбековпен бiрге Торғайдағы облыстық музыкалық драма театрының негiзiн қалаушылардың бірі болды. Түрлі театр сахналарында Қарлыға («Қара қыпшақ Қобыландыда»), Теңге («Айман-Шолпан»), комиссар («Оптимистiк трагедия») сияқты әрқилы рөлдерді сомдады. Сондай-ақ М.Әуезовтың «Түнгi сарынын», С.Жүнiсовтiң «Жапандағы жалғыз үйiн», Ә.Әбiшевтiң «Белгiсiз батыр», З.Қабдоловтың «Сөнбейтiн от», М.Горькийдiң «Соңғылар», Н.Хикметтiң «Елеусiз қалған есiл ер», бурят драматургы Қ.Шагжиннiң «Сандықтан шыққан шайтан», башқұрт драматургы М.Кәрiмнiң «Тау қызы» сияқты қойылымдарын сахналады.